Қостанайда қоян-қолтық жекпе-жектен жарыс өтті

Қостанайда қоян-қолтық жекпе-жектен жарыс өтті

Қостанай қаласындағы ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Жеңістің 80 жылдығына және ішкі істер органдарының ардагері Дәурен Бермұхамбетовты еске алуға арналған жекпе-жек фестивалі өтті.

Бұл іс-шара – ерлікке тағзым етіп, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды. Фестиваль аясында NOMAD MMA және қоян-қолтық жекпе-жек бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Облыстың әр өңірінен келген 90-ға жуық спортшы бозкілемде бақ сынап, шеберліктерін сынға салды.
Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Таулы Қарабах ардагері мен мүгедектерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Батырхан Амандосов:

«Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың тарихындағы ұлы оқиға. Осындай спорттық-рухани іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақты елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейміз. Жекпе-жек тек дене шынықтыру ғана емес, бұл – тәртіп, ерік-жігер мен ұлтқа адалдықтың көрінісі», – деп атап өтті.

Фестиваль ерекше форматымен де, мазмұнымен де есте қалды. Шараға өмір жолы құрметпен еске алынған ардагер Дәурен Бермұхамбетовтың туған-туыстары да арнайы қатысты. Атап айтқанда, Қарабалық ауданының прокуроры Даутов Рустам Даулетханович, Лисаков қалалық ауруханасының медицина қызметкері – әпкесі Бермұхамбетова Тамаша Даутовна, ФМЛ мектебінің оқушысы – немересі Даутов Дидар Рустамович, сонымен қатар келіні Мұхамеджанова Жанна Сайлаухановна фестиваль қонағы болды. Олар жарысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралардың жас ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей анықталды:

  • 1-орын иегерлері: Кеңесбек Алинур, Мұратов Тілек, Исмаилов Тимур, Жамалов Нұрсұлтан;
    2-орын иегерлері: Есалы Жомарт, Құдайберген Батыр, Мұхамбет Орынбасар, Бекежан Дәулен, Тұрғынбаев Жан, Нұрахметов Руслан;
  • 3-орын иегерлері: Нұрсұлтан Ерасыл, Дильдабек Ерасыл, Күзембек Акарыс.

«Бүгінгі жарыс мен үшін өте маңызды тәжірибе болды. Қарсыластарымның бәрі мықты. Біз тек жеңіс үшін емес, ел намысы үшін күрестік. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырған барша азаматқа алғыс білдіремін. Бұл жеңіс – тек бастамасы», – деді 1-орын иегері Әлинұр Кенесбек.

Фестиваль соңында жеңімпаздарға дипломдар, медальдар табысталып, «Жоғары техникасы үшін», «Жеңіске деген жігері үшін» номинациялары бойынша марапатталды.

Жаңалықтармен бөлісу