Бүгін Қостанай қаласында қазақ журналистеріне арналған қаржылық сауаттылық бойынша арнайы тренинг өз жұмысын бастады. Іс-шараны Түркітілдес журналистер қоры мен Халық банкі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Аталған жоба елдегі қаржылық сауаттылық пен еркін сөз құндылықтарын біріктірген жалғыз байқау ретінде ерекшеленеді. Былтыр басталған бастама аясында ұйымдастырушылар Қазақстанның батыс, оңтүстік өңірлері мен Қарағанды қаласын қамтыған болатын. Биыл бұл игі шара еліміздің 5 өңірінде жалғасын табуда.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Халық банкі Қостанай облыстық филиалының өкілі Сағадат мырза:
«Биыл Халық банкі еліміздің 5 өңірінде осындай семинар-тренинг өткізуді мақсат тұтты. Оның басты мақсаты – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Бұл жоба арқылы БАҚ өкілдері мен банк мамандары арасында сенімді қарым-қатынас орнайды деген сенімдеміз. Қазіргі таңда алаяқтарға алдану фактілері жиілеп кетті. Клиенттердің қауіпсіздігі мен сенімі біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз алдын алу шараларын күшейттік», – деді.
Тренинг барысында банк мамандары қатысушыларға қаржылық алаяқтық түрлері, олардан қорғану жолдары және заманауи банктік өнімдер жайлы кеңінен түсініктеме берді.
Түркітілдес журналистер қорының атқарушы директоры жобаның журналистер үшін маңыздылығын атап өтті. Қордың бастамасымен соңғы жылдары мыңдаған қазақ журналисі шетелдік тәжірибе алмасу бағдарламаларымен Германия, Түркия, Қырғызстан және басқа елдерде болып қайтты. Биыл ғана қордың ұйымдастыруымен қазақ журналистері Германияның 13 қаласын аралап, медиа саласындағы заманауи тәжірибемен танысып қайтты.
Қостанайда өтіп жатқан тренинг – осыдан төрт жыл бұрын басталған бастаманың жалғасы. Биыл бұл жоба өзінің ауқымын кеңейтіп, журналистер қауымын ғана емес, барша халықты қаржылық сауаттылыққа баулуды мақсат етеді. 2023 жылы банктің 100 жылдығы тойланып, 100 игі іс деген жобасын жүзеге асырған еді. Бүгінде банктің 330 847 POS теоминал, 4579 банкоматы бар.
Қымбат ДОСЖАНОВА