Қостанайда өртке қарсы шаралар басталды

Қостанайда өртке қарсы шаралар басталды

Қостанай қаласы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Ерден Нұржанұлы  өрттің көп жағдайда азаматтық қорғау органдарының бақылауынан тыс нысандар мен  тұрғын үй аумағында орын алатынын айтып отыр. Осы бастан қауіптің  алдын алу үшін  мүдделі органдарға хат жолданған.

“Жергілікті бюджет қаражаты есебінен өрт ошақтарын уақтылы анықтау үшін Ионосфера институтымен ғарыштық мониторинг қызметін алуға шарт жасалды. Ол бізге геоақпараттық сервис алынған координаттар бойынша 100 метр дәлдікпен жанып жатқан орынды  анықтауға мүмкіндік береді”, – дейді Ерден Нұржанұлы.

Өрттің алдын алу үшін қаланың шеткі аумақтарында қураған шөпті тазарту жұмыстары басталды. Оған уақытында қамданбаса болмайды. Бұған дейін  Элеватор саяжайында осындай шөп қалдықтарынан өрт шығып, салдарынан 100 шаршы метр аумақ жанып кеткен. Жанындағы үй де өртенді. Осы дерек бойынша азаматқа уақытылы тазарту жұмыстарын жүргізбегені үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

“Дәл осындай жағдай Краснопартизан, Юбилейный саяжайларында орын алды. Салдары бірі қоқыс жағып, ие бола алмай қалса, екіншісі сақтық шарасын жасамаған.  Былтыр қала аумағында терек мамығын сөндіруге 52 рет қызметкерлер барды. Ол алапат өрт пен адам шығынына әсте әкеп соғуы мүмкін”, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Қазіргі кезде Садовод, Набережный, Транспортный көшесі мен онкологиялық ауруханасының маңындағы шөп шабылып жатыр. Осы уақытқа дейін 13 гектар жер түп-тамырымен тазартылған. Жұмыс толық қыркүйек айында аяқталады.

Жалпы алғанда былтыр өрт шыққаны туралы 684 хабарлама түсіп, оның ішінде тілсіз жау 43 тұрғын үй жалмаған. Барлығы 87 өрт болған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу