Бәссауда қалалық көшбасшы әйелдер клубының бастамасымен өткізілді. Бұл іс-шара осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқанын айта кету керек.
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық аукцион өткізу лисаковтықтар үшін игі дәстүрге айналған. 2021 жылдан бері үш бәссауда өткізіліп, төрт бала мен бір ересек адамның еміне қаражат жиналды.
Сонымен қатар жыл сайын көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан екі жүзден астам балаға жаңа жылдық сыйлықтар беріліпті.
Өткен жылы 1,3 млн теңге түскен болса, бұл жолы да 105 лот ойнатылып, 2 млн 160 мың теңге түсіп отыр. Бұл сома жылдағы қаражаттан әлдеқайда қомақты.
Бәссауда өткізуге қала мекемелерінің, кәсіпорындары мен ұйымдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, кәсіпкерлер, басқа қалалардан келген меценаттар белсенді қатысқанын айта кетейік.
Осы жолғы ұтысқа салынған 105 лоттың әрқайсысы – қала тұрғындарының, соның ішінде балалардың қолынан шыққан эксклюзивті қолөнер бұйымдары. Сонымен қатар жеке коллекциялардан алынған заттар бар.
Оның ішінде 1950-1970 жылдардағы кеңестік дәуірге тиесілі винтажды фарфор мүсіншелері, қуыршақтар, картиналар аукционда қойылды. Көрмедегі лоттардың ішінде еліміздің өзге аймақтарынан келген меценаттардың ұсынған мәдени және тарихи құнды заттары да көзге түседі.
Аукционнан түскен барлық қаражат көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылардан шыққан 255 балаға жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ Сәдуовтар отбасының Диана есімді қызының еміне қаржы қарастырылған. Және тағы бір отбасыға көмек ретінде беріледі.
Лисаковтықтар бұл жолы да жомарттық танытты. Қала әкімі Абай Ибраев игі дәстүрлі қолдап жатқан қала тұрғындарына, әріптестеріне, қала кәсіпкерлеріне алғыс білдіріп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Бастапқы лотта шаһар басшысы этно дизайндегі күртшені сатып алды.
Аукциондағы алғашқы ұтыс джинси күртеге ойнатылды.
Оның ерекшелігі – күртенің арқа жағында еліміздің туының түсі өрнектеліп салынған. Бұл лисаковтық дизайнер Екатерина Сушкованың қолынан шыққан киім. Бастапқы бағасы жеті мыңнан басталған күртені лисаковтық кәсіпкер 20 мың теңгеге сатып алды. Бірінен соң бірі саудаға түскен сегіз киім әп-сәтте өз иелерін тапты.
Ең қызығы, Лисаков қаласының эмблемасы жапсырылған футболканы лисаковтық кәсіпкер Андрей Захаров 105 мың теңгеге бағалап, сатып алды.
– Жыл сайын қаламызда өтетін жақсы дәстүр. Елімізде балалар ауырмасын! Жаңа жылда тек жақсылықтар тілеймін, – дейді Андрей Захаров.
Қайырымдылық аукционының тағ бір ерекшелігі, биыл ол алғаш рет инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
– Тікелей эфирді көптеген адамдар көріп, бақылай алады. Осылайша, лисаковтықтардың игі бастамасы еліміздің түкпір-түкпіріне танылып жатыр. Аукционды ұйымдастырушылардың алымдары артып, көмек берілетін балалар саны да арта түспек. Бұл қайырымдылық шарада түскен қаражаттың көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Егер бұрын осы аукционның сатып алушылары кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелердің басшылары, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, тек Лисаков қаласының депутаттары болса, биылғы жылы бәссаудаға қаладан тыс жерде ұзақ уақыт тұрып жатқан меценаттар да қосылды, – дейді шараның бел ортасында жүрген «AMANAT» партиясының Лисаков қалалық филиалының төрағасы Салтанат Шалдыбаева.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті
Лисаков қаласы
Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ