Қостанайда мемлекеттік қызметшілер сенбілікке шықты

Қостанайда мемлекеттік қызметшілер сенбілікке шықты

Күн жылынғалы бері Қостанай көшелерінде тазалық жұмыстары қыза түсті.

Мемлекеттік мекемелердің ұжымдары әр бейсенбі сайын сенбілікке шығуды әдетке айналдыруда.

Игі іс бүгін де жалғасын тапты.

Қала бойынша бірнеше саябақ пен Узкоколейный ауданындағы қар полигоны, 40 лет Октября көшесіндегі қоқыс полигоны ретке келтіріліп, маңайы жиналды.

Экологиялық бастамаға Қостанай қалалық әкімдігіне қарасты бөлім ұйымдарының мамандары белсенді қатысты. Мекемелерге тазалауға тиісті учаскелер жеке-жеке бөлініп, тізім бойынша бекітілген.

Тазалық жұмыстарына біз де куә болып қайттық. Сенбілікке шыққандардың бір тобы Ю.Журавлев және Павлов көшелерінің шекарасындағы 1-мая көшесіндегі саябақта еңбек етіп жатты. Мұнда шамамен отыздай адам жиналған. Дәлірек айтсақ, Қостанай қаласы әкімінің аппараты, қалалық мәслихаттың ұжымы, «Айкөмек» ситуациялық орталығының, мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі мен қаржы бөлімінің мамандары ортақ іске жұмыла кіріскен. Қатысушылармен жақын танысып, аз-кем сөйлестік.

«Жақында екі айлық тазалық маусымы бастау алды. Әр бейсенбі немесе сенбі сайын айналаны ретке келтіруге үлес қосудамыз. Бұл үрдіс көп жылдан бері жалғасып келеді. Қаланың санитарлық тазалығын сақтау – баршамызға ортақ азаматтық парыз. Біз үйіміздің тазалығымен қатар көшелердің, жалпы қаланың тазалығын қатар сақтауымыз керек», – деп есептейді Қостанай қалалық мәслихаты аппаратының қызметкері Айжан Тлеуғалеева.

Шыны керек, сенбіліктерге көбінесе мекемелердің ұжымдары қатысып жатады. Ал қарапайым тұрғындардың белсенділігі неге төмен деп ойлайсың кейде.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Шаруаны жергілікті атқарушы органға артып қойып, азаматтық ұстанымды танытар сәтте жалтарып жататынымыз рас. Сенбілік – сіз бен бізге ортақ жауапкершілік екенін ескерсек қой…

Қымбат ДОСЖАНОВА