Қостанайда мәдениет және қоғамдық сала өкілдері жоғары марапатқа ие болды

Қостанайда мәдениет және қоғамдық сала өкілдері жоғары марапатқа ие болды

Қостанай облысында ел дамуына және қоғамдық өмірге елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты рәсімде марапаттарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстан Республикасы Президентінің атынан табыстады.

Бұл марапаттар – өңір тұрғындарының ел игілігі жолындағы еңбегіне берілген жоғары баға әрі олардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.

«Парасат» ордені Қостанай облыстық мәслихатының әлеуметтік сала және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Махаббат Жутаевқа табысталды.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі бірнеше сала өкілдеріне берілді. Олардың қатарында Қостанай облыстық «Бірлік» Әзірбайжан қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибалаев, облыстық халық шығармашылығы және кино-бейнеқор орталығының басшысы Дәмер Қалқаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Қоқышев бар.

blank blank blank blank blank blank

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті жанындағы Жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы Диана Рақпанова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова, «ТоболИнфо» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Александра Серғазинова және Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов те мемлекеттік наградаға ие болып отыр.

Айта кетейік, мұндай марапаттар елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды ынталандыруға бағытталған.

Асыл ҚАСЫМ,
Суретерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ