Ол туралы бүгінде тоқсанның төріне қадам басқан Қайырден Тұрсынбекұлы ақсақал жастармен кездесуінде айтты. Қария кеншілермен біте қайнасып, еңбек еткенін күні кешегідей тебіреніспен еске алады.

«Арқалықтың кенін зерттеуші геологтар бокситтің 140 – 150 жылға жететін бай қоры бар деуші еді. Бастапқыда «Қызылқозы» аталған бұл жердің боксит кені сонау 50 шақырымдай қашықтықтағы бұрынғы Ковыльный, қазіргі Жалғызтал ауылына дейін созылып жатыр деп айтып отыратын. Сондықтан, бұл қаланың болашағынан мол үміт күтуге болады», – деді көнекөз қария Қайырден Жиенбаев.
Қаланың өтпелі кезеңде біраз қиындықтарды бастан кешкені баршаға мәлім. Қазір қайта жанданып, жасарып, жаңғырып келеді. Оған Президентіміздің «Торғай өңіріне айрықша көңіл бөлу керек» деген сөзі зор серпін беруде. Әуежай қайта салынып, теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Тұрғын үйлер салынып, ғимараттар қалпына келтірілді. Мұның бәрі халықтың көңіл-күйін, әл-ауқатын көтеруге зор септігін тигізуде. Тың даладан көз алдарында қала пайда болғанына бүгінгі ардагерлер куә. Оған қала тарихынан сыр шерткен ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Динагүл Қазбаева мен Гүлсім Құрманғалиеваның мына сөздері дәлел.

«Арқалық Торғай даласында боксит кен орындарының ашылуына байланысты құрылды. Бұл мекен алғашында шағын жұмысшылар кенті болған. Аз уақытта дүбірлі еңбектің арқасында үлкен қалаға айналды. Кейін Арқалыққа қала мәртебесі берілгенде төбеміз көкке жеткендей қуанып едік. Бұл – мыңдаған жастардың, құрылысшылар мен кеншілердің арман, мақсат, келешекке деген сенімдеріне қанат бітірген сәт еді…», – десті ардагерлер.

Жастарға ақыл-кеңестерін айтып батасын берді. Іс-шараның ұстанымы да Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойын атап өту, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету, жастарға үлгі ету еді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
