Кепілдік жетіспесе не істеу керек? Бизнесті кеңейтуге қанша қаржы алуға болады? Мемлекеттік қолдаудың қандай тетіктері кәсіпкерге тиімді? Осы және өзге де сұрақтарға Қостанайда өткен «Даму» қорының ашық есік күнінде жауап берілді.
Іс-шараға екі жүзге жуық кәсіпкер қатысып, бір алаңда «Даму» қорының басшылығы мен мамандарынан, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан, мемлекеттік кірістер департаментінен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, екінші деңгейлі банктер мен консалтингтік компаниялардың өкілдерінен кеңес алды.

Кездесудің негізгі тақырыбы – кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары. Қатысушыларға қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары таныстырылып, бірыңғай фронт-офис пен мобильді фронт-офистердің жұмысы түсіндірілді.

Жалпы таныстырылымнан кейін кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелер бойынша жеке кеңес алуға мүмкіндік алды. Яғни банкке, мемлекеттік органға немесе тиісті даму институтының маманына тікелей жүгіне алды.

«Ашық есік күндерін еліміздің барлық өңірінде екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Біз үшін бұл – кәсіпкерлерден тікелей кері байланыс алудың, олардың сұранысын тыңдап, бизнесті қандай мәселелер толғандыратынын түсінудің маңызды мүмкіндігі. Сондықтан «Даму» қорының басшылығы мұндай іс-шараларға тікелей қатысып, кәсіпкерлерге жеке кеңес береді. Бұл кәсіпкерлерге қай бағытта ақпарат жетіспейтінін анықтап, олқылықтардың орнын жедел толтыруға мүмкіндік береді», – деді елордадан арнайы келген «Даму» қорының басқарма төрағасының орынбасары Арсен Мұстафин.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
