Туған жерден түлеп ұшқан таланттың елге қайта оралып, өзі шыққан топырақтың төрінде өнер көрсетуі – қай кезде де ерекше әсерлі. Өйткені өнер адамы үшін туған жердің орны бөлек болса, ауыл үшін елден шыққан таланттың әрбір шығармасы, әрбір сөзі, әрбір әні – өзінің төл тарихының бір бөлшегі.
Осы тұрғыдан келгенде «Жангелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «Ауыл және мәдениет» жобасының маңызы айрықша. Бұл бастама – мәдени шаралар күнтізбесіне тағы бір атау қосу үшін қолға алынған жоба емес. Оның астарында ауыл мен өнерді, туған жер мен талантты, өткен мен бүгінді, аға буын мен жас ұрпақты бір арнаға тоғыстыратын үлкен идея жатыр. Жоба бөлім басшысы Жанар Асанханқызы Шалабаеваның авторлық бастамасы ретінде қолға алынған. Әуелден үш жылға жоспарланған бұл жоба – бірер күндік науқан болып қана қоймай, ауданның мәдени кеңістігін жандандыруды көздеген жүйелі жұмыс. Жоба аясында туған жерден шыққан талантты тұлғалардың шығармашылық кешін әр ауылда өткізу жоспарланған. Мұның бұрынғы мәдени шаралардан өзіндік ерекшелігі бар. Бұған дейін, бір-екі жыл бұрын, осындай кездесулер аудан орталығында да ұйымдастырылып жүрді. Ол кезде бірнеше тұлғаның шығармашылығы бір шара аясында қатар насихатталатын. Мәдениет сарайындағы арнайы кең бөлмеде әр өнер иесінің көрмесі әзірленіп, сахна төріне алты-жеті тұлға бір мезетте шақырылып, әрқайсысына шығармашылығы жайлы әңгіме айтуға мүмкіндік берілетін. Бұл форматтың да өзіндік орны болды. Елге танымал азаматтар туған жеріне жиналып, шығармашылығын жұртшылыққа таныстырып, халықтың ықыласына бөленетін. Біздің де сондай кездесулерден риза көңілмен қайтқан кезіміз болды. Бұл жолы бір кешке бірнеше тұлғаны топтастырмай, әрқайсысының шығармашылығына жеке-жеке тоқталып, белгілі бір ауылда арнайы кездесу өткізуге басымдық берілген. Мұның мәні терең. Өйткені ауылдағы көрермен мәдени шараны тамашалау үшін міндетті түрде аудан орталығына бармайды. Керісінше, мәдениет ауылдың өзіне «келеді». Оның үстіне елден шыққан белгілі азамат өз өнерін сол ауылдың төрінде көрсетеді. Ауыл халқы оның шығармашылығын ғана емес, өмір жолын, азаматтық болмысын, туған жерге деген көзқарасын таниды. Ал мұндай жүздесу балалар үшін тіпті маңызды. Мектеп оқушысы кітаптан оқыған немесе үлкендерден естіген ақынды, композиторды, өнерпазды өз көзімен көріп, әңгімесін тыңдап, шығармасын орындаса, оның өнерге деген көзқарасы да өзгереді. Өйткені алыстағы «абстракт» тұлға емес, «осы Торғайдан шыққан, біз сияқты ауылдың топырағында өскен бала» деген түсінік қалыптасады. Бұл – рухани жақындықтың һәм сабақтастықтың ең табиғи жолының бірі.
Милісай мен Шилідегі ән мен өнер
«Ауыл және мәдениет» жобасы аясындағы осы сапардың алғашқы «аялдамалары» Милісай және Шилі ауылдары болды. Бұл ауылдарда менің туған інім, әнші, театр және киноактері Асылан Кенжетайдың елге деген перзенттік парызын өнер арқылы өтеу ниетімен «Достарым» атты концерті ұйымдастырылды. Туған жеріне арнайы келіп, елге тегін концерт қоюдың өзі – азаматтық ұстанымның бір көрінісі. Асылан бұған дейін облыс орталығы Қостанай қаласынан бастап, Арқалық, Рудный қалалары мен көптеген ауданды аралап ақылы концертін қойып үлгірген. Әнші болып ел алдына шығып, көпке таныла бастаған соң: «Туған ауылыма есеп беру кешімді өткізсем», – деп армандап жүрген еді. Сәті түсіп туған жерге гастролдік сапармен жолға шықтық. Бұл концерттерге қонақ ретінде қатысып, өз әндерімді де орындадым. Сонымен бірге Асыланның орындауындағы менің әндерім де шырқалды.
Ауылдың шағын ғана сахнасында үлкен армандар орындалып жатыр. Асылан әндерін жанды дауыста айтып, Аңсаған музыкалық аспабымен сүйемелдеп отырды. Ауылдастар әнді қосылып шырқап, ортаға шығып билеп кетті. Туған жердің адамдары әніңді тыңдап, өнеріңді құрметтеп отырғанда кеудеңді ерекше қуаныш кернейді екен. Оның үстіне ауыл сахнасы – бала күнгі өнерге жасалған алғашқы қадамымның куәсі.
Шилідегі кездесуге ақындар Абылай Мауданов пен Мұхарбек Жәкей де қатысты. Олар өз өлеңдерін оқып, кештің рухани мазмұнын байыта түсті. Осылайша, сапардың алғашқы күнінің өзінде ән, поэзия, туған жер және елмен жүздесу секілді бірнеше мәдени арна тоғысты.
Аралбай төріндегі «Темірқазық»
Сапар одан әрі Аралбай ауылында жалғасты. Аралбай төрінде белгілі ақын Мұхарбек Жәкейұлының шығармашылығына арналған «Темірқазық» атты тағылымды кеш өтті. Ауылға кіреберістен басталған қарсы алу рәсімінің өзі аңқылдаған дархан көңілді ауыл жұртының қонақжайлығын аңғартты. Ауыл әкімі Әділжан Нысамбаев пен ел ағасы, ауыл ақсақалы Қойшыбек Молдабеков бастаған жұртшылық және өнерпаздар арнайы келген қонақтарды құрметпен қарсы алды. Ақ дастарқан жайылып, шашу шашылып, ақжарма тілектер айтылды. Бұл жерде мәдени кештің мазмұны тек сахнадағы өнермен шектелген жоқ. Ауылдың тарихы, елдің өткені, ұлттық дәстүр мен бүгінгі мәдени өмір бір-бірімен сабақтасып жатты. Соғыс майданында елін қорғап ерлік көрсеткен ардагерлер мен қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым жасалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды, яғни жоба аясындағы мұндай шаралар өнер адамын таныстырумен қатар, ауылдың тарихи жадын да жаңғыртады.
Ақын кешін Тобыл-Торғай өңіріне есімі белгілі сыршыл ақын Жанна Ерекина жүргізді. Кеш иесі Мұхарбек Жәкейұлы ақтарыла сөйлеп, өлеңдерін шабыттана оқыды. Бұл кештің көркін қыздырған тағы бір талантты әнші – Серікболсын Әбікен. Ол Мұхарбек ағаның өлеңіне жазылған менің «Күзгі нота» әніммен бастап, өз репертуарындағы әндерін шырқап, халықтың делебесін қоздырды. Кеш қонағы ақын Абылай Мауданов өлең оқып, Мұхарбек шығармаларына да терең тоқталды.
Көкалаттағы – «Жырдан туған әуен»
Сол күні Көкалат ауылында менің шығармашылығыма арналған «Жырдан туған әуен: өнер, өмір және руханият» атты кездесу кеші өтті. Кештің негізгі мақсаты – өнерді, әдебиетті, ұлттық руханиятты дәріптеу, шығармашылық жолы қалыптасқан азаматтың өмірі мен еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды.
Кеш барысында менің ақындық, айтыскерлік, композиторлық қырым, мәдениет саласындағы еңбегім сөз болды. Балалық шағымнан басталған шығармашылық жолым, айтыс өнеріне келуім, әндерімнің дүниеге келу тарихы, Торғайдың шығармашылығыма әсері жайлы әңгіме өрбіді.
Менің шығармашылық жолымда Торғайдың орны ерекше. Оның әр төбесі, әр ауылы, күні мен түні, әрбір таныс адамы, тарихы мен тағдыры – жырға, әнге айналатын рухани кеңістік. Сондықтан туған жер тақырыбы менің өлеңдерім мен әндерімде жиі көрініс табады. Кеш барысында «Торғай түні», «Торғайдың адамдары-ай!», «Тотыдайын», «Балалықты аңсау», «Күзгі нота», «Арқалық», «Қостанай қаласында», «Құлпынайым» секілді әндер орындалды. Менің композиторлық қырымды ашқан да осы әндер болатын. Кештің тақырыбын да дәл тауып қойған екен. «Жырдан туған әуен». Иә, менің әндерім алдымен жақсы мәтінге құралады. Әдетте, композиторлар бірінші әнді дүниеге әкеліп алып, сосын сөзін жазатын ақын іздеп жүреді ғой. Мұндай әнге сөз жазу өте қиын. Себебі оның буын-бунағы мен ырғағына сөзің ғана емес, әрбір әріп үндесіп тұруы керек. Осының бәрін ойлап отырған ақын кейде не айтқысы келгенінен жаңылып, ойын шатастырып алады. Солай түсініксіз әндер пайда болады. Осы тұрғыдан алғанда мен дұрыс бағытты таңдаған сияқтымын. Мен алдын ала ән жазып көрмеппін. Әнге сұранып тұратын мәтін болады. Оны оқи отырып, ілесе ән туады. Сезімнің қылын шертетін сөз құдіретінің арқасында жүрегіңнің түбінен жанартауша әуен «атқылайды». Осындай сөзі мен әні қабысқан әндерімді ауылдың өнерпаздары да, арнайы келген әншілер де үлкен ықыласпен орындады. Әсіресе Асылан Кенжетай мен Серікболсын Әбікеновтің орындауындағы әндер көрерменнің көңілінен шықты. Өнерге сусап отырған ауыл жұрты ән тыңдап қана қоймай, кей тұста орындарынан тұрып билеп, бірге көңіл көтерді. Бұл – ауылда мәдениетке деген сұраныстың бар екенін көрсететін көрініс. Кейде ауыл халқы руханияттан алыстап кетті деген түсінік айтылады. Ал осындай кештерге куә болғанда олай еместігіне көзің жетеді. Көрермен өнерпазын сағына күтеді. Ән тыңдап, ақынның сөзін естігісі келеді. Осы сапар алдында Асыланның репертуарына қосылған жаңа ән – «Торғайдың адамдары-ай» әр ауылда орындалған сайын халықтың ерекше қошеметіне ие болды. Туған жерге тарту ретінде дүниеге келген бұл әннің сөзін Азамат Мәлжанбайұлы жазған, әні – менің туындым. Әннің әр ауылда шырқалып, халықтың орнынан тұрып қол соғуы – шығарма авторлары үшін үлкен мәртебе, көрермен тарапынан көрсетілген құрмет. Өйткені әннің ғұмыры композитордың немесе ақынның қолынан шыққан сәтте емес, халықтың жүрегіне жеткенде жалғасады.
Көкалаттағы кештің ең қызықты әрі тосын сәттерінің бірі – айтыс болды. Кешті ақын Абылай Мауданов жүргізді. Ол менің өлеңдерімді өз оқуымда тыңдағанын айтып, көпшілік мені жазба ақындығымнан гөрі айтыскер, суырыпсалма ақын ретінде жақсы танитынын еске салды. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, домбыраны қолға алып, ел алдына шығуды ұсынды. Қаншама біртуар ақын-жазушыларды дүниеге әкелген Көкалат ауылының тұрғындарын көсем сөзбен таңғалдыру мүмкін емес. Өлеңге де талғаммен қарайды. Дегенмен домбырамды алып ортаға шықтым.
Ал десең, домбырамды қолға алайын,
Торғайға келгеннен соң толғанайын.
Көргенде «көкалаттық» ағайынды,
Қалайша қанатымды қомдамайын?!
Қонысбай Әбіловтің туған жері,
«Қоныстай ақын келді», – деп қолда, ағайын.
Сағынған шығарсыңдар «әй-әйіңді»,
Әкемнің әнін бүгін қолданайын.
Ұстазы Қонысбайдың Нұрхан ақын,
Сермейтін кең көсіле жыр қанатын.
Шәкірті Қонысбайдың Айбек еді,
Аузын ашса, көмейден жыр таматын.
Айбектен кейін біздер шыққан едік,
Көбейтіп ақындардың бір санатын.
Бәрі де сыртқа кетіп қалғанменен,
Шабыты «Торғай» десе бұрқанатын.
Байбатыр Ахметбеков осында отыр,
Торғайда қалған жалғыз бір тал ақын.
Ақынға қошеметті қос, ағайын,
Содан соң қызықты айтыс тос, ағайын.
Ортаға Бай-көкемді шақырайын,
Бай-көкем – маған қымбат дос, ағайым.
Халыққа қызықты айтыс көрсетейік,
Бұл кештің пайдаланып осы орайын.
Кешегі Нұрхан ізін жалғап жүрген
Бүгінгі Ахметбеков – осы, ағайын», – деп көрермен арасында отырған Торғайдың ақыны Байбатыр Ахметбековті сахнаға шақырдым. Байбатыр да көп күттірмей, бірден сөз қағыстырып:
Ортаға шақырған соң ақын Марго,
Менің де жырлайтұғын қақым бар ғо(й).
Әнші, сазгер, директор деген сенің,
Әжептәуір жүк болар атың бар ғо(й).
Өзіңді көрмегелі көп болып ед(і),
Әлі де отырсаңшы жақын, Марго.
Назарбек пен Қоныс туған елге келіп,
Өзіңше сарнап жатсың батыл, Марго.
Ол аздай жекпе-жекке шақырасың,
Не десең де көнейін, мақұл, Марго.
Көкпардың шеңберінен шығарардай,
Мықты болса, көрейін тақым, Марго, – деп бірден шабуылға көшті. Одан әрі ауылдағы кештің өзіне байланысты әзілге ойысты:
Көрермен тағылымды кешке келсін,
Төртте емес, асықпай бесте келсін.
Жырдан шашу шашылып, ән айтылар,
Әзіл тыңдап, көрермен кеште күлсін.
Өнермен сусындатып ауылдарды,
Табақ-табақ, әйтеуір, ет жеп жүрсің.
Алатын мен тоятын жерге келіп,
Алдағы соғымыңды ептеп жүрсің.
Ту қашардан дәмелі екеніңді,
Кәкімжан әкеміз бен көп те білсін.
Алда-жалда беріп жатса, бір күздігін,
Екеуміз бөлісеміз, есте жүрсін.
Ау, Мәке, туған жерің Шилі еді ғой,
Нені меңзеп, нені сен көксеп жүрсің?
Мен сені түсінбедім, Марғұлан-ау,
Көлбеңдеп Көкалатта не істеп жүрсің? – деді. Айтыстың осы тұсында «Ауыл және мәдениет» жобасының өз мақсаты да өлеңнің ішінде көрініс тапты. Өйткені менің Көкалатқа келуімнің мәні де осы еді: Торғай өңірінен шыққан өнер иесін бір ғана ауылмен шектемей, ауданның әр ауылына өнерімен апару. Сондықтан жауабымда әзіл мен уәжді қатар өрдім:
Байбатыр, әңгіме айтсай тұлғалы ұлша,
Құлқынның қамын ойлап тұрғаныңша.
«Табақ-табақ ет жеуге келдің», – дейсің,
Талғамсыз ақын ба едің жырға мұнша?!
Дегенімді айтсаңшы сөз түсінсең,
Жегенімді әңгіме қылғаныңша.
«Марғұлан Қостанайда аш жүр» деп пе ең?
Әлде бергің кеп тұр ма рас құрметпен.
Аш болса, ауыл маңын торуылдап,
Малын аңдып жүретін қасқыр деп пе ең.
Беру үшін келгенбіз жырдан азық,
Тек алуға келген де «мастер» деп пе ең?!
Құрметтеп шақырған соң келіп тұрмыз,
Кезім жоқ қошеметсіз, рас, құр кеткен.
Атайтын баласына бәсіре қып,
Ұмытылып кетті ғой дәстүр көптен.
Байбатыр, қалжың сөзге мерген анық,
Соғады жерге салып, жерден алып.
Сапарды туған жерден бастаған ем,
Асыланмен ауылға мен де барып.
Шиліден қазір ғана келіп тұрмын,
Тыныстап туған жерде кең демалып.
Атақты журналиссің Торғайдағы,
Бұл жайлы білмей қалдың сен де нағып?
Асылан інімменен концерт беріп,
Көңілді кеш сыйладық елге барып.
Сен мені ала берме жорта сынға,
Жүрміз ғой ағайынның ортасында.
«Ауыл және мәдениет» деп аталған,
Жанардың жобасының арқасында.
Торғайдың қасиеті – топырағы,
Тарихтың сыры жатыр әр тасында.
Көкалатқа мен бөтен емес едім,
Құда боп көрдім құрмет, қолпашын да.
Келіні бұл ауылдың – туған апам,
Жездемнің бөлесі отыр дәл қасымда.
«Қызғанар байдың асын байғұс» дейді,
Байбатыр, нең бар жұрттың қалтасында?
Кәкімжан құдасына бір бас берсе,
Кедей болып қалар деп қорқасың ба?
Бұл жерде ауылдың өз адамдары, құдалық байланыстар, ел арасындағы таныстық әзілге арқау болды. Көкалаттағы туыстық қатынасты тілге тиек етіп, Байбатырдың қағытпасына жауап бердім. Байбатыр да сөзден тосылмады:
Марғұлан тап бергенге шап береді,
Ақынға қызыл тіл мен жақ керегі.
«Жегенді емес, дегенді айтпайсың», – деп,
Шарпыған жалын оттай лап береді.
Негізі, сен өнерлі азаматсың,
Қатар жанған билікте бақ-беделі.
Асылан ән салса туған жерде,
Жолыңда болмас еді нақ кедергі.
Екі жылда бір келіп Шилі жаққа,
Соғымын сойып елден ап кетеді.
Оны да өзің енді мойындарсың,
Ағаңның осы боп тұр нақ дерегі.
Мен сені құрметтеймін мінсіз рас,
Ағаңның алғыс еді ақ дегені.
Әркімдер сыйлағанның құлы деген,
Байбатыр сыйлағанға лақ береді.
Осы тұста тағы бір әзіл өрбіді. Байбатыр:
Мен де сені қонақ қып жатар едім,
Бұйырған дәмді үйден татар едің.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табар» –
Қазағым тауып айтқан мақал еді.
Өткен жылы келгенде Абылаймен,
Қуанышым еселенді аса менің.
Қос мүйізді ақ ешкім егіз туып,
Есіңде ме, қол жайып бата бердің.
Көңілін жықпайын деп қос інімнің,
Екеуіңе бір-бірден атап едім.
Ал сенікін ит талап өлтіріпті,
Өмір-ай, неге сонша қатал едің?!
Абылайдың ақ лағы ойнақтап жүр,
Үстінен қарғып өтіп батар жердің.
Абеке, сол лақты аласың ба,
Босада Торғай деген шаһар келдің.
Жауабыңды жырменен жеткізерсің,
Алғысын алғандай боп баталы елдің, – деп Абылай Маудановты да айтысқа тартпақ болды. Алайда Абылай бұл тұста сыртқа шығып кеткен еді. Сондықтан жауапты өзім жалғастырдым:
Марғұлан мұны естіп ұйықтамайды,
Құда боп Көкалаттан киіт қалайды.
Қайран қазақ біреуге мал атаса,
Қасқыр жейді немесе ит талайды.
Байбатыр, мықты боп тұр айлаң бұл күн,
Басымды менің әбден айналдырдың.
Бір-бірінен аумайтын егіз лақтан
Менікінің өлгенін қайдан білдің?
Ап кет деп Абылайға алаңдайсың,
Бересің егіз төлдің маған қайсын?
Атадың ба, «сразу» беру керек,
Сен бәрібір жарытып мал баға алмайсың.
Тышқақ лағын қимаған сылтау айтып,
Бай-көке, сен не деген сараң байсың?
Байбатыр да іліп әкетіп:
Естірткендей күйдесің жаман жайды,
Ағасын сынға алып амалдайды.
Қай ғасырда көріп ең өзің айтшы,
Егіз лақ атаған сараң байды?
Саған берген ақ лақ еркек еді,
Ұрғашысы иттерге таланбайды.
Сөзіңнің астарына ой жүгіртсем,
«Атағанды бермейді» деп алаңдайды.
Бұйырғанын аларсың келер жылы,
Былтырғы берген болып саналмайды.
Айтысты осы жерден аяқтайық,
Көрермен сөзімізді бағамдайды.
Жомартпын, көңілім – ақ, пейілім – кең,
Жамандық ойлай берме ағаң жайлы, – деп айтысты аяқтауға ыңғай танытты. Бірақ бұл әзілдің соңғы түйінін айтпай тарқасу қиын еді:
Абылайға беріпсің ұрғашы лақ,
Еркек лақ та жетер еді бір басына-ақ.
Ә, айтпақшы, Абылай үйленді ғой,
Жеңгеме сыйлап жүрген сырғасын ап.
Маған – жеңге, Байбатыр, саған – келін,
Сондықтан сыйлығыңды қылма шұнақ.
Абылай, көбейді ме лағың сенің,
Ешкілер егіздетіп жылда туад(ы).
Ұмытпай осы жолы алып кетші,
Үйлендің ғой, ет керек, ей, тыңда, «сват».
Ал менің еркек лағым өліп қапты,
Басыма тағдыр салған бұл да – сынақ!
Осылайша, ойда-жоқта ықшам ғана өткен айтыс үлкен кештің көркін кіргізіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Айтыстың толық мәтінінің сақталуының өзі де маңызды. Көрермендердің бірі – телефонға түсіріп алған бейнежазбаның арқасында сөз қағысының толық нұсқасын кейін қағазға түсіруге мүмкіндік туды.
Көлқамыстағы – «Жырмен өрілген ғұмыр»
Келесі күнгі мәдени сапар Көлқамыс ауылында жалғасты. Бұл жерде ақын, драматург, аудармашы, сатирик, журналист Абылай Маудановтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. А.Нұрманов атындағы негізгі орта мектепте ұйымдастырылған шараның мазмұны да ерекше болды. Кештің басты мақсаты – сөз өнерін, туған жер тақырыбын, ұлттық руханиятты жас ұрпақ шығармашылығымен сабақтастыру.
Әдеби кеш қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына арналған арнайы көрмеден басталды. Көрмеден Абылай Маудановтың шығармашылық белестері, әдеби-драматургиялық еңбектері туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік болды. Мектеп оқушылары кеш иесі Абылай Маудановтың жырларын мәнерлеп оқыды. «Қайран Торғай, Қабырға», «Көкалатым –киелім», «Торғайша сені сүйемін», «Дала көктемі», «Жерұйық зары», «Күрең күз» секілді шығармалардың оқылуы туған жер тақырыбының оқырманның жүрегіне қалай жететінін көрсетті. Бұл кешті мен жүргіздім. Бір күн бұрын Көкалатта өз шығармашылығыма арналған кештің кейіпкері болсам, келесі күні Көлқамыста Абылайдың шығармашылығын таныстыратын жүргізуші ретінде сахна төрінде тұрдым. Осы қарапайым көріністің өзінен-ақ «Ауыл және мәдениет» жобасының тағы бір ерекшелігі аңғарылады: өнер адамдары тек өзін таныстыру үшін емес, бір-бірінің шығармашылығын қолдап, елге бірге қызмет ету үшін бас қосады. Әуелден жоба авторы Жанар Асанханқызы маған хабарласып: «Бір-біріңіздің кешіңізге қонақ болып қатысып қолдап және оны кезектесіп тізгіндеп отырсаңыздар жақсы болар еді. Себебі сіздер бір-біріңізді жақсы таныған соң, кешті жан-жақты толық аша аласыздар ғой», – деп қолқа салған соң біз де келісе кеткенбіз. Шынымен, кеш барысында мұның көп пайдасы тиді. Абылайдың арғы-бергі «тарихымен» де, шығармашылығымен де жақсы таныспын. Айтылуға тиісті әңгімені сауал тастаған болып суыртпақтап отырдым. Абылай көсілді. Әдемі сырласуды Абылайдың өлеңіне жазылған әнмен де әрлеп отырдық.
Бір жоба, бірнеше тағылым
Бұл сапардың әрбір «аялдамасында» әртүрлі тұлға, әртүрлі өнер түрі алдыңғы орынға шыққанымен, бәрінің басын біріктіретін бір арқау болды. Ол – туған жер. Милісай мен Шиліде Асылан Кенжетайдың әні туған жермен қайта қауышты. Аралбайда Мұхарбек Жәкейдің сөзі мен ел тарихы қатар өрілді. Көкалатта жыр мен әуен тоғысты. Көлқамыста Абылай Маудановтың шығармашылығы жас ұрпақпен қауышты.
Жоба аясындағы өзге де жоспарлы іс-шаралар бұл кештермен аяқталған жоқ. Алда Торғайдан шыққан басқа да талантты тұлғалардың шығармашылығын әр ауылға таныстыруға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Бұл – бір жобаның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі.
Ауылға мәдениет керек пе? Әрине, керек. Бірақ «ауылға мәдениет керек» деген сөзді тек концерт өткізу деп түсінбеуіміз қажет. Мәдениет – адамның дүниетанымы, баланың кітапқа қызығуы, үлкеннің өткенін ұмытпауы, ауылдың өзінен шыққан талантын қадірлеуі, туған жерінің тарихын білуі, ақынның өлеңін жатқа айтқан баланың сахнаға шығуы, композитордың әнін ауылдың жас өнерпазының орындауы, елден кеткен азаматтың туған жеріне қайта оралып, өнерін халқына тарту етуі. Осының бәрі «Ауыл және мәдениет» жобасының аясында тоғысып жатыр.
Көкалаттағы кеште мектеп оқушылары менің өлеңдерімді жатқа оқыды. Ауыл өнерпаздары менің әндерімді орындады. Көрермендер ән тыңдап, айтыс тамашалап, көңіл көтерді. Бұл – бір қарағанда, қарапайым көрінетін, бірақ түптеп келгенде, өте үлкен рухани жұмыстың нәтижесі. Өйткені сахнада бір ақынның өлеңін оқыған бала ертең өзі де өлең жазуы мүмкін. Бір композитордың әнін орындаған жеткіншек өнерге солай қызығуы мүмкін. Бір тұлғаның өмір жолын тыңдаған оқушы өзінің туған жерінен де үлкен азаматтар шыққанын сезінеді солай. Ал мұндай сезім – елдік сананың қалыптасуына әсер ететіні белгілі, маңыздылығы да сонда.
Ең бастысы, жоба жалғасуы керек
«Ауыл және мәдениет» жобасы бізбен аяқталған жоқ. Керісінше, бұл – әлі талай таланттың есімін елге қайта таныстыратын ұзақ жолдың басы. Торғай топырағынан түлеп шыққан таланттар аз емес. Ақындар, жазушылар, композиторлар, әншілер, актерлер, ғалымдар, тарихшылар, мәдениет қайраткерлері бар. Олардың әрқайсысының артында жеке бір тағдыр, жеке бір шығармашылық әлем, елге айтар өз сөзі бар. Сол себепті үш жылға жоспарланған жобаның әрі қарай жалғасып, әр кезеңде жаңа тұлғаларды әр ауылға апара беруі – өте құптарлық іс. Осы орайда бұл жобаны қолға алып, мазмұнын қалыптастырып, елге жеткізіп отырған Жанар Асанханқызы Шалабаеваға, сондай-ақ оны қолдап отырған аудан әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Қайырбекұлының, мәдениет саласының қызметкерлерінің, ауыл әкімдіктерінің, кітапханашылардың, мәдениет ошақтары мен мектеп ұжымдарының осындай шараларға атсалысуы жобаның нәтижелі өтуіне себеп болды, үлкен ықпал етеді. Мұндай шараның сырт көзге бір күндік кеш болып көрінгенімен, оның артында қаншама адамның еңбегі жатыр. Көрме әзірлеу, материал жинау, сахна дайындау, ауыл тұрғындарының кешке келуін ұйымдастыру, мектеп оқушыларын дайындау, шығармаларды таңдау, қонақтарды қарсы алу – мұның бәрі мәдениет қызметкерлерінің тынымсыз еңбегін талап етеді. Сондықтан бұл істің әр буынына ризашылық білдіру орынды. Маған ерекше әсер еткені – бір ауылда өткен кездесу кешіне барлық ауылдың кітапханашылары мен клуб жетекшілерінің қатысуы. Олар, осылайша, бір-бірінің жұмысынан тәжірибе жинайтыны анық.
Жобаны облыс көлеміне шығарсақ…
Бір ойдың тағы бір қыры бар. Егер Жангелдин ауданында қолға алынған «Ауыл және мәдениет» жобасы жақсы нәтиже беріп жатса, оны Қостанай облысының өзге аудандарына да үлгі етуге болар еді. Өйткені әр ауданның өзінен шыққан таланттары бар. Бір жерде – белгілі ақын, бір жерде – композитор, бір жерде – әнші, бір жерде – жазушы, бір жерде – театр немесе кино саласының өкілі, тағы бір жерде – ғылым мен білімнің көрнекті тұлғасы. Олардың бәрі туған жерінде танылуға, шығармашылығы кейінгі ұрпаққа жетуге лайық. Тіпті болашақта жобаны облыстық мәдени бастамаға айналдырып, бір ауданның тұлғасын екінші ауданға таныстырып, насихаттап жатса, нұр үстіне нұр болар еді және бұл мәдени байланысты одан әрі күшейтер еді. Өнерде шекара болмайды. Ал туған жерге деген махаббаттың тілі бәріне ортақ.
Түйін:
Торғайға жасаған осы сапардан алған әсерімнің бірі – ауылдың өнерге деген ықыласы әлі де биік екені. Ал өнер адамы үшін туған жерге барып, елмен жүздесіп, өз өлеңіңді оқып, өз әніңді тыңдатудан асқан бақыт бар ма? Туған жер талантты тудырады. Ал талант туған жеріне қайта оралып, елге өнерін ұсынғанда сол байланыс одан сайын бекемделеді. Сондықтан «Ауыл және мәдениет» жобасы жалғасын табуға тиіс. Торғайдың әр ауылында елге танытатын тұлға бар. Әр тұлғаның айтатын сөзі, шырқайтын әні, оқитын жыры, көрсететін өнегесі бар. Сол өнер елге жетсе, ұрпақ жадына сіңсе – жобаның ең үлкен мақсатының орындалғаны. Өнер ауылға барғанда ауылдың рухы көтеріледі. Талант елге оралғанда елдің еңсесі биіктемек. Ал туған жер мен өнер қайта қауышқанда рухани сабақтастық жалғасады. «Ауыл және мәдениет» жобасының құндылығы да – осында.

Марғұлан ОСПАНОВ,
«ҚР Мәдениет саласының үздігі».
