2025 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерінің экспорты 8,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Қостанай облысының үлесі – 2,7 млн тонна немесе 27,2%. Айта кетейік, аймағымыз ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерін экспорттау жағынан республикада көш бастап тұр.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Қостанайдағы KAIZEN ЖШС жұмыс барысымен танысты. Бұл компания өңірдегі экспортқа бағытталған кәсіпорындардың бірі, бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеумен айналысады. Кәсіпорын 2023 жылы түркиялық Arbel халықаралық холдингінің инвестициясы есебінен салынған. Мұнда 70 жұмыс орны құрылған.

«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ке дейін ұлғайту міндетін қойды. Аймағымыз өңдеу өнеркәсібі жөнінен республикада көш бастап тұр. KAIZEN ЖШС осы бағытқа айтарлықтай үлес қосып отыр. Кәсіпорынға Түркияның Arbel холдингі 4 млрд теңге инвестиция салып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Компания өткен жылы мемлекетке 100 млн теңгеден астам салық төледі», – деді аймақ басшысы.
Өндірісте төрт түрлі дақыл өңделеді: бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық. Бүгінде кәсіпорын солтүстік өңір үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласындағы технологиялық жабдықталу деңгейі мен өндірістік үдерістерді ұйымдастыру тұрғысынан теңдессіз болып саналады. Өндіріс жоғары қосылған құны бар, сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін өнім шығаруға бағытталған.

Кәсіпорынның технологиялық базасы заманауи, жоғары өнімді жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл өндірістік үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейін, өнім сапасының тұрақтылығын және халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
