Бүгін қала орталығында «Осминог» аквапаркінің техникалық тұрғыдағы іске қосылу рәсімі өтіп, көпшілікке танытырылып, сынама жасалды.
Қостанайда жыл он екі ай бойы отбасымен демалып, денсаулықты шыңдап, су спортымен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа орын пайда болды. Қаладағы жаңадан салынған су-ойын-сауық кешені есігін айқара ашып, өңір тұрғындары мен қонақтарына заманауи демалыс кеңістігін ұсынды. 




Елдегі ең ірі жабық аквапарк мәртебесіне ие нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.


Өңір басшысы тұрғындардың әл-ауқаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін атап өтті. Жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарын ашумен қатар, халықтың бос уақытын мазмұнды өткізуіне, спортпен шұғылданып, отбасымен демалуына жағдай жасау да маңызды.
«Экономиканы дамытып, жаңа фабрикалар мен зауыттарды іске қосудың маңызы зор. Сонымен қатар тұрғындарымыздың отбасымен демалуына арналған орындар да көп болуы керек. Қостанай облысының қонақтары үшін өзіндік ерекшелігі бар көрікті нысандары болуы тиіс. Осындай нысандардың бірі еліміздегі ең ірі жабық «Осьминог» аквапаркі болмақ», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 9 089,2 шаршы метрге жетеді. Кешен бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда балалар да, ересектер де өзіне лайық демалыс түрін табады.
Теңіздің бір бөлшегі
Кешеннің жүрегі – жалпы су айдыны 1 323 шаршы метрлік аква аймақ. Оның ең басты ерекшелігі – 493 шаршы метрлік жасанды толқын жасайтын жүйемен жабдықталған, тереңдігі 2 метрлік толқынды бассейн. Теңіз жағалауына бармай-ақ, толқын үстінде жүзуге мүмкіндік беретін бұл аймақ аквапарктің ең қызықты мүйісіне айналмақ. Бұдан бөлек те қызықты орындар аз емес.

«Балаларға арналған 322 шаршы метрлік бассейн де бар. Бұдан бөлек, «Акватоник» бассейні, екі гидромассаж бассейні және су аттракциондарына арналған қабылдау бассейндері жұмыс істейді. Су сырғанақтары кешені, «Шаттл» аттракционы, балаларға арналған су қалашығы, гидромассаж аймақтары келушілердің уақытын қызықты өткізуіне зор мүмкіндік. Ал «Акватоник» бассейнінде аквааэробика сабақтары мен сауықтыру шараларын ұйымдастыруға болады», — дейді учаске басшысы Дастан Мырзалиев.
Жаңғырту кезінде қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Әр бассейн жеке су дайындау жүйесімен жабдықталған. Мұнда су сүзгіден өткізіліп, ультракүлгін сәулемен залалсыздандырылады. Реагенттер автоматты түрде мөлшерленіп, судың деңгейі бақыланады. Мұндай жүйе кешеннің жалпы жұмысын тоқтатпай-ақ, жекелеген бассейндерге техникалық қызмет көрсетуге себепші.Тағы бір айта кетері,мұндажүзденастамжаңажұмысорныашылады. Әзірге қырық адам жұмысқа қабылданған.

Отбасылық демалысқа лайықталған
«Осьминог» атауының өзі мұндағы мүмкіндіктердің сан алуандығын аңғартатындай. Кешен тек бассейндер мен аттракциондардан тұрмайды. Келушілер үшін 140 шезлонгқа дейін, отбасылық демалыс аймақтары мен еріп жүрушілерге арналған күту орындары қарастырылған. Сондай-ақ 100 адамға дейін қабылдайтын буфет пен фуд-корт жұмыс істейді.
Балаларға арналған арнайы демалыс кеңістіктері де жасақталған. Бұл жерде бүлдіршіндердің көңілді уақыт өткізуімен қатар, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Кешенде ерлерге, әйелдерге және отбасыларға арналған киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы санитарлық бөлмелер жасалып, нысанда кедергісіз орта қалыптастырылған.
Қауіпсіздік жүйесі де заманауи талаптарға сай. Бейнебақылау мен кіруді бақылау жүйелері, өрт дабылы, хабарлау және автоматты өрт сөндіру құралдары орнатылған.
Бұдан бөлек, медициналық кабинет пен құтқарушыларға арналған арнайы бөлмелер бар.
Жалпы, «Осьминогтің» жаңаруы Қостанайдың әлеуметтік әрі туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін жобалардың біріне айналды. Қала тұрғындары үшін отбасымен уақыт өткізетін жаңа мекен пайда болса, өңір қонақтары үшін Қостанайдың туристік тартымдылығын арттыратын нысан қосылды.
Кешеннің толыққанды жұмысы 2026 жылғы қыркүйек айынан басталады. Демек, алдағы уақытта Қостанайдың қақ ортасында жыл мезгіліне қарамай, суға түсіп, толқын ойнап, балалармен көңілді уақыт өткізуге болатын жаңа орын тұрақты түрде тұрғындар игілігіне қызмет етпек. Экскурсия соңында аквапарк қызметкерлерін облыс әкімі Құрмет грамотасымен марапаттады.
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Василий Васильев
