Астана–Арқалық: Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі әуе рейстерінің жаңа бағыты іске қосылды

Астана–Арқалық: Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі әуе рейстерінің жаңа бағыты іске қосылды

Бүгінгі таң Қостанай облысы мен жалпы ел тарихындағы елеулі күндердің біріне айналды. Ұзақ жылдардан кейін Арқалықпен тікелей әуе қатынасы ресми түрде қайта жанданды.

Алғашқы рейс Астанадан сағат 09:00-де ұшып шығып, 09:40-та Арқалық жеріне қонды. Бұған дейін бірнеше сағатқа созылатын жол енді небәрі 40 минутты алады. Бұдан бөлек, қала енді тек елордамен ғана емес, Алматы және Қостанай қалаларымен де тұрақты әуе рейстері арқылы байланысып, өңірдің көлік қатынасына қатысты негізгі қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.

blank

Әуежайларда мерекелік көңіл-күй орнады. Жолаушылар ұшаққа шынайы қуанышпен отырса, оларды қарсы алушылардың да толқынысы ерекше болды. Алғашқы рейстің сәнін Астанада өнер көрсеткен Музыкалық жас көрермендер театры әртістерінің жарқын музыкалық перформансы келтірді. Олар ұшақтың бортында және Арқалықтың өзінде өнер көрсетті. Жолаушыларды дәстүрлі шашу шашып, әуезді музыкамен, жүрекке жылы әндермен қарсы алды. Мерекенің ерекше символына айналған сәт — Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың 1970 жылдары Торғай өңіріне сапарынан кейін дүниеге келген әйгілі «Арқалықтың ақ таңы» әнінің орындалуы.

blank

«Шынымды айтсам, көзге жас келеді. Бұл күнді қанша жыл күттік десеңізші! Енді бәрі жақсы болады деп сенемін, Президентке рақмет! Қала жанданып келеді, бізді де ұмытпағанына көзіміз жетіп, көңілімізге үміт пен сенім ұялады», – деді Арқалық қаласының тұрғыны қуанышын бөлісіп.

blank

Әуе рейстерінің қайта жандануы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Торғай өңірін жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасының тікелей орындалуы. Өңірдің басты әуе қақпасы лайнерлерді қабылдауға тыңғылықты дайындалды.

blank

«Жаңа әуежай авиациялық қауіпсіздік, аэронавигациялық қызмет көрсету және әуеайлақтың жарамдылығы бойынша барлық қажетті сертификаттарды алды. Ол CRJ200 үлгісіндегі өңірлік әуе кемелерін қабылдауға толық дайын. Конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушы компания болып SCAT әуе компаниясы анықталды», – деді Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

blank

Атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, өңір басшылығы болып жатқан өзгерістердің жүйелі сипатқа ие екенін айтып өтті.

«Арқалық әуежайының қайта жаңғыруы және тікелей әуе рейстерінің іске қосылуы – Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асуының көрінісі. Мемлекет басшысы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы жұмыстар аясында жаңа жолаушылар терминалы салынды. Сонымен қатар әуежайға қажетті барлық инфрақұрылым жасақталды», – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов.

blank

Әуежайдың ашылуы Арқалықты кешенді жаңғырту жолындағы маңызды белеске айналды. Бұған дейін қаладағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылған болатын. Қазір стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, коммуналдық желілер жаңартылуда, жолдар жөнделіп, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып келеді.

blank

Бұл ауқымды өзгерістердің ең басты нәтижесі – тұрғындардың көңіл-күйінің өзгеруі және жастардың туған жеріне деген сенімінің артуы.

blank

«Мен қаладан кетуді шындап жоспарлаған едім. Бірақ Арқалықтың қалай дамып келе жатқанын көргенде – жолдар жөнделіп, нысандар қалпына келтіріліп, оның үстіне Астана, Алматы және Қостанай бағытындағы әуе рейстері де қайта іске қосылғанын естігенде осында қаламын деп шештім. Енді қаланың болашағы бар екеніне көзім жетті. Мен осында өмір сүріп, осында еңбек еткім келеді. Президенттің арқасында әділеттілік орнады», – деді алғашқы рейстің жолаушыларының бірі, жас тұрғын.

blank

Алғашқы әуе рейсі мен инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары бір маңызды ақиқатты айқын көрсетті: Президент пен мемлекеттің айрықша назар аударуының арқасында Арқалық өз дамуының жаңа дәуіріне нық қадам басып келеді.