10 июля, 2025
Қостанайда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай белсенді топ марапатталды

Қостанайда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай белсенді топ марапатталды

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күн – адам мен табиғат арасындағы нәзік байланысты еске салатын, әр адамды жауапкершілікке жетелейтін маңызды дата. Осыған орай Қостанай қаласында табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Экологиялық іс-шараға бастамашы болған — Қостанай облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Экология департаменті, қалалық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және «Neco» экологиялық клубы.

Іс-шара аясында қала мектептеріне пластик қақпақтарды жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. «Таза Қазақстан – Таза Қостанай!» ұранымен өткен бұл жоба арқылы оқушыларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулу, экологиялық сауаттылықты арттыру көзделді.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен жастарға арналған эко-викторина ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы эко-сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

 

Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бағылан Сабыров шараның маңыздылығына тоқталды:

– Қазіргі таңда экология – жай ұран емес, нақты әрекетті талап ететін ұғым. Қуаныштысы, жастар бұл бағытта бейжай емес. Табиғатты аялау – олардың өмірлік ұстанымына айналып келеді. Бұл – болашаққа деген сенімнің белгісі, – деді ол.

Басқарма өкілі, бөлім жетекшісі Зияда Бисақалова өз сөзінде экологиялық тәрбиенің өзектілігіне тоқталды:

– Табиғат – ата-бабадан қалған баға жетпес аманат. Оны сақтау, қорғау және жақсартылған күйде келер ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық, әрі адамгершілік борышымыз, – деді ол.

Қала тұрғыны, зейнеткер Рысбай ақсақал табиғатқа деген құрмет – қазақтың қанына сіңген қасиет екенін айтады:

– Жасым сексенде. Бұрын ауылда әр адам өзеннің, орманның, жолдың бойын таза ұстайтын. Табиғатқа деген ниет өзгеріп барады. Осындай іс-шаралар жастарға ой салып, оларды жақсыға тәрбиелейді. Табиғат – Құдайдың аманаты. Аманатқа қиянат болмауы керек, – дейді қария.

Ал қала тұрғыны Жанболат Есентаев:

– Табиғатты қорғау тек табиғат туралы емес. Бұл – сана тазалығы, жауапкершілік, ұрпақ алдындағы міндет. Бала кезден тазалыққа үйретсек, ертеңіміз үшін алаңдамаймыз, – деген пікір білдірді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен бұл шаралар – табиғатты қорғау тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Табиғатты аялау – ұлтқа, болашаққа деген қамқорлық. Аманатқа адал болайық!

Диана Алмасқызы,

ҚӨУ студенті