Қалалық білім бөлімі ұлттық зияткерлік ойынды мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен дене шынықтыру мұғалімдері арасында ұйымдастырды.
Ұлттық салт-дәстүрді, спорт мәдениетін дәріптеу мен дамыту мақсатында өткізілген бұл іс-шара қатысушылардың математикалық ойлау қабілетін, логикасын және стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар жарыс ұстаздар арасында тәжірибе алмасу алаңына айналып, олар “Бестемшені” мектепке дейінгі білім беру процесіне тиімді енгізу жолдары бойынша пікір алмасты.
–Бүгінгі жарыс өте қызықты әрі тартысты өтті. “Бестемше” ойынының тоғызқұмалаққа ұқсас тұстары көп, бірақ өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл ойынды меңгергеніме көп уақыт болған жоқ, бірақ стратегиялық ойлауды дамытатыны анық. Осындай жарыстар ұлттық ойындарды жандандыруға үлкен үлес қосады. Біздің оқушылар да бұл ойынды қызығып ойнайды. Алдағы уақытта мектеп бағдарламасына енгізілсе, балалардың ойлау қабілеті артып, есептеу дағдылары жақсаратынына сенімдімін, – дейді №28 метебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Думан Өтенов.
Ойыншылардың барлығы жоғары деңгейде дайындықпен келіп, әділ әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Қатысушылар ойын барысында тек шеберліктерін сынап қоймай, ойын ережелерін жетілдіру, оны балаларға үйретудің тиімді жолдары туралы да ой бөлісті.
– Бестемше ойыны арқылы ойлау қабілетімізді дамытып, есептеудің жаңа тәсілдерін үйрендік. Мұндай жарыстардың жиі өткізіліп тұрғаны қуантады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, келешек ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Балалар Бестемшені өте қызығушылықпен қабылдады, олар тіпті өздері жарыс ұйымдастырып ойнауға ынталы. Бұл ойын олардың зейінін арттырып, төзімділікті, шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады. Оны мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына кеңінен енгізу қажет деп ойлаймын, – дейді мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі Айнұр Санай.
Тәрбиешілер мен дене шынықтыру мұғалімдері өзара бақ сынасып, бестемше ойынының тактикалық және стратегиялық қырларын көрсетті.
–Бұл жарыста қатысушылар өздерінің тапқырлығы мен төзімділігін көрсетті. Бестемше ойыны кез келген жастағы адамға қолайлы. Әсіресе, балабақшадағы балалардың ойлау қабілетін дамытуда тиімді құрал бола алады. Осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылғаны жөн. Бестемше ойынында жылдам есептеу, дұрыс стратегия құру маңызды. Ойыншылар бүгін өздерінің логикалық ойлау қабілетін, шапшаң шешім қабылдау дағдыларын көрсетті. Болашақта бұл ойынның ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейдегі жарыстарға шығуына толық мүмкіндік бар. Ұлттық ойындарымызды заман талабына сай дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз, – дейді қазылар арқасының төрешісі Сайлау Омарова.
Жарыс жоғары деңгейде өтіп, ұлттық ойынның кеңінен насихатталуына өз үлесін қосты. Бестемше ойыны алдағы уақытта да түрлі деңгейдегі жарыстар арқылы дамып, қазақтың зияткерлік мұрасының маңызды бөлігіне айналатыны сөзсіз.
Мұндай іс-шаралар ұлттық ойындардың дамуына жол ашып, өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Диана Алмасқызы,
ҚӨУ 3-курс студенті