20 июня, 2025
Қостанайда ардагер сарбаздар бас қосты

Қостанайда ардагер сарбаздар бас қосты

6697 әскери бөлімінде ерекше әрі толғанысқа толы шара өтті. Мұнда 2004 жылы осы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген ардагер сарбаздар 20 жылдан кейін қайта сапқа тұрды.

Іс-шара әскери бөлім қабырғасында өткен Ашық есік күні аясында ұйымдастырылып, естен кетпес естеліктерге, әсерлі кездесулерге, әскери дәстүрлерге толы болды.

Бұл туралы ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Ашық есік күні ардагерлер үшін нағыз өткенге саяхат болды. Қақпа алдынан бастап оларды таныс аура, ескі қызметтестері мен бірге өткізген жылдардың сағынышты сәттері қарсы алды. Бұл кездесу –  ерлікке толы әскери жолды, Отан алдындағы адал қызметті құрметтеу сәті болды. Шара барысында қонақтар әскери бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Заманауи техника мен қару-жарақ түрлері көрсетіліп, жас сарбаздар ардагерлер алдында саптық дайындық пен қарумен жұмыс істеу шеберліктерін паш етті. Мұндай көріністер ұрпақтар сабақтастығын, әскери рухтың беріктігін және патриотизмнің үзілмес жібін айқын көрсетті», – деп жазды әскери бөлімдегілер.

Салтанатты жиында әскери бөлім командирі сөз сөйлеп, ардагерлерге ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде ардагерлердің ерлікке толы жолы қазіргі жас сарбаздарға үлкен үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар, шара соңында ардагерлерге арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Осындай тағылымды іс-шаралар — Отан алдындағы борышқа деген құрметтің, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың және сарбаздық достықтың шынайы көрінісі. Уақыт алмасса да, әскери борыш пен ерлік рухы мәңгілік.