Биыл маусымашар фестиваліне үш топ, оның әр қайсында бес командадан қатысты.
“Қалалық лиганың мақсаты — өңіріміздегі “Жайдарман” командаларының басын біріктіріп, жаңа орта шығару. Сондай-ақ, республика көлемінде қала намысын қорғайтын командаларды дайындасақ деген игі ниетіміз бар. Бес жыл ішінде неге қалалық лига болмады деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Шыны керек командалар құрауға, олардың басын біріктіріп бір арнаға тоғыстыруға келмеді. Ойыншылар өте аз болды. Қалалық лиға жасақтаудың сәті енді келген секілді. Бүгінгі ойынға керекті қаражатты өз қалтамыздан шығарып, жайдарманды сағынған халыққа тегін ұйымдастырдық” — дейді қалалық лиганың жетекшісі Бақытжан Әлкебаев.
Көбі жайдарманды бір отбасы ретінде көреді. Ол рас. Үзіліс салып қайта өткен лигаға қолдау білдіру мақсатында үлкен буындар да келген.
Сонымен қатар осы жылғы ойынның форматы да өзгерген. Әр топқа қазылар алқасынан тәлімгер таңдау құқығы берілген. Қазылар алқасының мүшесі Нұртілек Әубәкірдің айтуынша, бұның жас буынға пайдасы зор.
“Қалалық лигаға түскен командалар өте мықты дайындықпен, үлкен құлшыныспен келген. Барлығы сен тұр мен атайын. Әрі қарай осы беттен таймаса Қостанайдың атын Республикаға ұялмай қорғайтын құрамалар шығары сөзсіз. Барша командаларға сәттілік тілеймін. “Жайдарман” Қазақстандағы ең ірі жастардың қозғалысы. Мен мектеп оқушылары мен колледждің сүйкімді аруларына және Рудныйдың тәжірибелі топтарына тәлімгер болдым. Бұйырса, мықты дайындық жұмыстарын жүргізіп, дұрыс бағыт беруге тырысамын. Ең өкініштісі, әр ойын сайын бір командамен қоштасып отырамын. Негізі мен тәлімгер болған үш команда да финалға лайық. Бәрін дайындық, сахна шешеді. Жастарға қолдау және қаржылай демеуші керек. Сонда өңір жайдарманы күннен-күнге дамиды” – дейді тәлімгер Нұртілек Әубәкір.
Жастардың жоғары деңгейде дайындалғаны көңіл қуантады. Бұл ойынға көбіне студенттер қатысқан. Олардың сабақпен бірге жайдарманды алып жүру де оңайға соқпағаны анық.
“Ойынға бір апта дайындалдық. Шыны керек жөнді ұйықтамадық та. Маусымашар жақсы өтті. Біздің жайдарманда ойнап келе жатқанымызға бес ай. Алдыңғы буынды үлгі етіп, солар секілді биікке жету басты мақсат. Бізге қолдау білдіріп отырған Қостанай гуманитарлық колледжіне алғысымыз шексіз” – дейді «Qostanai arulary» командасының мүшесі Татьяна Абдуалиева.
Жастардың жайдарманға сусап қалғаны бірден байқалады. Татымды әзіл, ұтқыр сөз, күлкілі эпизодтар кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды. Жас ойыншыларға көрерменнің айтар алғысы да шексіз.
“Бүгінгі ойын ерекше өтті деуге болады. Осыған дейін көптеген жайдарман ойындарында болдым. Дей тұрғанмен бүгінгі ойынның жөні басқа. Біз қалалық лиганы қатты сағындық. Өзім соңғы рет мектепте оқып жүргенде барғанмын. Қазір студентпін. Маған «Сәттілік», «Тұмар», «Жас жұлдыздар», «Шаңырақ», «Ерке қыздар» деген командалар ұнады. Қалжыңдары мағыналы әрі өте тартымды. Езуге еріксіз күлкі үйіреді. Керемет әсер алдым”, – дейді көрермен Аикен Даулибаева.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Айбол ӨМІРТАЙ