Тоғыз миллиард теңге қайда кетті?

Тоғыз миллиард теңге қайда кетті?

Облыста білім беру мекемелерінің талапқа сай жұмыс жүргізуі  дұрыс жолға қойылмай келеді. Оны профилактикалық бақылау шаралары мен  мерзімнен тыс жүргізілетін тексеріс мониторингі растап отыр. Бұл туралы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында айтып берді.

“Облыс бойынша мектепке дейінгі  50 мекемеге   аттестаттау жүргізілген. Оның 17-сі жеке меншік. Биыл жыл басынан бері он тоғыз мекеме аттестациядан өтті. 11-і талапқа сай келмей өтпей қалды. Оларда ұлттық нақыш беру басты рөлді атқарады. Осы жағы көбіне ескеріле бермейді”, – деді Айнагүл Сұрағанова.

Мектептердің де жағдайы мәз емес. Қазіргі таңда сапалы ұстаздармен қамтамасыз етілуі өзекті мәлелеге айналып тұрғаны жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы біраз мектептің білім беру сапасы көңілден шықпайды.

Тоғыз мектепте жоғары категориялы мұғалімдер жоқ. 13 мектепте  басқа мамандық иелері жүр.

7 мектеп оқыту әдістемесін ұйымдастыру жұмыстарында қателіктерге бой алдырып жүр.

12 мектепте білім сапасы дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, Қостанай ауданы Молоканов негізгі орта мектебі, Денисов ауданы Набережная мектебі,  Жанкелдин ауданы Жанкелдин орта мектебі мен Сарысу негізгі орта мектебі,  Жітіқара ауданы Милютин орта мектебі , Рудный кешкі мектебі, Арқалық қаласына қарасты Б. Майлин, Қараторғай,  Ақбұлақ  мектептері талапқа сай жұмыс істемей отыр.

Бұл мектептерде маман мәселесі дұрыс жолға қойылмаған, категория төмен, лабораториялық жабдықтармен қамтамасыз етілмеген, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Департамент басшысының айтуынша, білім саласына осы жағдайларды реттеу үшін үш жылдың ішінде 9 млрд теңге қаржы бөлініпті. Сонда бұл талап неге орындалмай жатыр деген сауал туады. Сосын ұстаздар біліктілікті үш жылда 1 рет арттыруға ғана міндетті. Мекемелердегі білім сапасы бойынша төрт жылда бір рет аттестатталады.

Өкінішке қарай, бұл талаптан әзірге Ұзынкөл ауданының Белоглин орта мектебі мен Аманкелді, Меңдіқара, Аркалық қаласының қалған оқу орындары мен Жанкелдин ауданының бес мектебі шығып отыр.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу