27 июня, 2025
Қостанайда адамдарды кене шағу күрт өсті Фото: pixabay.com

Қостанайда адамдарды кене шағу күрт өсті

Облыста көктемгі эпидемиологиялық маусым басталғалы бері 321 адамды кене шағып медициналық көмекке жүгінген. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,2 есе жоғары.

Бұл туралы Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

Азаматтардың арасында кене шағу деректері әсіресе балалар арасында жиілеп отыр. Тіркелген 321 жағдайдың 110-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Мамандардың айтуынша, мұның бәрі де ата-аналар мен балалардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан болуы мүмкін. Тек өткен аптаның өзінде 53 жағдай тіркелген. Бұл – маусым басталғаннан бергі ең жоғары апталық көрсеткіштердің бірі.

Кене шағу фактілері жиі тіркелген өңірлер қатарында, Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Қостанай, Жітіқара, Қарабалық ауданынан тіркелген. Аманкелді, Жангелдин және Қамысты аудандарында биыл кене шағу оқиғалары тіркелмеген.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Даулетбаевтің айтуынша, Қостанай облысы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды, сол себепті өңірде иммуноглобулинмен серопрофилактика жүргізілмеген.

 – Аумақ кене энцефалиті бойынша қауіпті аймақтар қатарына кірмегендіктен, қазіргі таңда иммуноглобулин егуді қажет ететін жағдайлар тіркелмеді. Сонымен қатар, кене арқылы берілетін қауіпті жұқпалы аурулар да анықталған жоқ, – деді ведомство басшысы.

Мамандар тұрғындарды табиғат аясында демалғанда немесе бақша жұмыстарымен айналысқанда сақ болуға шақырады. Себебі кене көбіне көгалды, орманды, ылғалды жерлерде кездеседі. Киім жабық, ашық түсті болуы керек және демалыстан кейін денені мұқият тексеру қажет. Егер кене шағып жатса, ешқашан өзіңіз алып тастамаңыз. Бұл денсаулыққа қауіпті. Міндетті түрде медициналық мекемеге барып, маманның көмегіне жүгініңіз. Қазіргі таңда облыс бойынша эпидемиологтар кене белсенділігі әлі де жоғары деңгейде екенін айтып, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыруд.

Ақерке Арыстанбай

ҚӨУ студенті