Қостанай журналистері Наурыз турнирінде асық атып, мергендіктерін сынады (ФОТО)

Қостанай журналистері Наурыз турнирінде асық атып, мергендіктерін сынады (ФОТО)

Қостанайда алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында асық атудан Наурыз турнирі өтті.

Ұлттық дәстүрді жаңғырту мен әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатымен ұйымдастырылған бұл жарыс ерекше тартысты әрі көңілді болды.

Іс-шараға “Аманат”, “Республика” партияларының филиалдары демеушілік білдіріп, қолдау көрсетті.

Наурыз – тек жаңа жылдың бастауын білдіретін мейрам ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мереке. Сондықтан журналистер қауымы бұл күнді ата-бабамыздан мұра болып қалған асық ойынымен атап өтуді жөн санады.

Жарысқа Қостанай облысының түкпір-түкпірінен 8 команда, 24 ойыншы қатысып, өзара бақ сынады. Ұлттық ойынның қызығына кіріскен БАҚ өкілдері жас кездерін еске алып, мергендіктері мен ептіліктерін сынап көрді.

Олардың арасында алпыс төрт жастағы Меңсұлу Малаева да бар. Ол аймақтық “Қостанай-агро” газетінің басшысы.

“Осындай жарыс болайын деп жатыр қатысамыз ба деп едім, әріптестерім: “сіз барасыз ба?” деп сұрады. Ұжымға өзім бастама болайын деп келіп отырмын. Өте жақсы өтті”, – дейді Меңсұлу Малаева.

Турнирдің ашылу салтанатында алғашқы сөзді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі:

“Құрметті әріптестер, қадірменді қонақтар! Бүгін біз тек жарыс үшін жиналған жоқпыз, ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, Наурыз мерекесін ерекше атап өтпекпіз. Асық – ойын ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени мұра. Бұл турнир мергендік пен ептілікті сынап қана қоймай, әріптестік байланыстарды нығайтатын тамаша мүмкіндік. Баршаңызға сәттілік тілеймін, асықтарыңыз алшысынан түссін!” – деді бас редактор, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің жетекшісі Кенжеш Оразғалиқызы.

«Miras» аймақтық кеңесінің негізгі мақсаты — азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту, сондай-ақ ұлттық жобаларды іске асыру арқылы елдің мәдени мұрасын сақтап, қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына ықпал ету.

Келесі сөз алған Қазақстан журналистер одағы Қостанай филиалының төрағасы Александра Серғазинова жарыстың маңызын ерекше атап өтті:

“Қолдағы қаламды бір сәт асықпен алмастырып, Көрісу күнінде бір-бірімізбен қауышып, дәстүрімізді жаңғыртып отырмыз. Бұл – қазақтың төл ойыны, ата-бабамыздың аманаты. Асық ату – мергендікке, төзімділікке, ептілікке баулитын ерекше спорт. Осындай ұлттық шаралар жалғасын тауып, жыл сайын өтеді деп сенемін”, – деді ол.

“Республика” партиясы облыстық филиалының төрағасы Манара Мадинина ұлттық мұраны дәріптейтін бастамалар жас ұрпақты ізгілікке, әдептілікке тәрбиелейтінін тілге тиек етті.

“Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың мәнін жас буын біліп жүруі керек. Оларды ұлттық ойындарға баулу арқылы бойына отаншылдық рухты сіңіруге болады”, – деді Манара Аманкелдіқызы.

Осы партияның белсенді мүшесі, “Жас қанат 2006” ЖШС директорының орынбасары Жақсылық Ысқақов ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобаларды алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін айтып өтті.

Турнир барысында қатысушылар сақаларын сайлап, шеберліктерін көрсетіп, қарсыластарымен әділ бәсекеге түсті. Әр команда жеңіске деген жігер танытып, өз өнерлерін паш етті. Ақтық кезеңге шыққан үздіктердің тартысты ойыны көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жарыс басталмай тұрып, командалар көрісу үлгісін көрсетіп, бір-біріне сәттілік тіледі.

Тартысты тунирде «ТоболИнфо» ақпарат агенттігінің құрамасы 1-орын (50 мың теңге), Майлин ауданының «Әйет шамшырағы» газеті 2-орын (30 мың теңге), «Ұлыс» командасы (Әулиекөл, Науырзым, Сарыкөл газеттерінің редакторлары) 3-орын алды (15 мың теңге). Қаржылай сыйлықты “Respublika” партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Манара Мадинина мен “Жас қанат 2006” ЖШС директорының орынбасары Жақсылық Ысқақов табыс етті.

“Журналистикада жылдамдық пен дәлдік маңызды десек, дәл осы қасиеттер асық ойынына да керек. Ұлттық ойын арқылы өзара байланысымыз нығайып, ұмытылмас әсер алдық. Мұндай турнирлер жиі ұйымдастырылса екен!”, – дейді жарыстың жеңімпазы атанған «ТоболИнфо» ақпарат агенттігінің операторы Нұржан Смаилов.

Журналистер қауымы өзара бәсекелестік пен достықты ұштастырған бұл iс-шараны дәстүрге айналдыру қажеттігін атап өтті.

“Бұл жарыс тек бәсеке ғана емес, әріптестердің басын қосқан мереке болды. Ұлттық дәстүрді жаңғыртуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс!” – дейді бұл туралы «Әйет шамшырағы» газетінен келген Сұлтан Сыпабек.

Ұлттық мұраны ұлықтау – басты мақсат. Осы орайда қатысушылар бұл дәстүр келер жылы да жалғасса деген тілегін білдіріп жатты.

“Наурыз мерекесіне орай өткен бұл сайыс тек жарыс емес, әріптестер арасындағы достықтың нығаюына да ықпал етті. Келесі жылы да өз шеберлігімізді сынап көргіміз келеді”, – дейді , «Ұлыс» командасының атынан қатысқан Шыңғыс Сабыров.

“Жеңіске деген жігері үшін” аталымымен Qostanai телеарнасы марапатталды.

“Сұрмерген”  номинациясы “Қостанай таңы” газетіне бұйырды.

“Көрермен көзайымы” номинациясын Қостанай аудандық “Арна” газеті иеленді.

«Қостанай таңы» газетінің және Қазақстан журналистер одағы Қостанай филиалының ұйымдастыруымен өткен бұл турнир алдағы уақытта да жалғасады деп күтілуде.

Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік іс-шараны дәстүрлі «Қара жорға» биімен аяқтады.

Осы іс-шараға қолдау білдіріп, турнирдің деңгейлі өтуіне үлес қосқан облыстық білім басқармасына, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты ұжымына, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығына, “Алтынай” халықтық-үлгілі би ансамбліне, “Жұлдыз” домбырашылар студиясына редакция атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.

Мақаланың толықтырылған нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Балауса Жүніс

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу