Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалықтағы жұмыс сапарының екінші күнінде құрылысы басталғалы жатқан мектеп-интернаттың құрылысымен танысты.
Бұл жұмыс көптен бос тұрған ғимаратты қайта қалпына келтіру арқылы жүзеге асады. Жоба құны 824,4 млн теңге. Құрылысты демеушілік көмек арқылы жергілікті мердігер «Дюссемстрой» ЖШС жүргізеді.
Қала әкімі Әмірхан Асанов құрылыстың тынысы жайлы ақпарат берді.
«Дене тәрбиесі және спорт» саласын дамыту үшін «мамандандырылған күрес залы» тұрғызылмақ. Жоба құны 444,4 млн теңге. Мердігері «Гранд Лидер Строй» ЖШС. Алматылық мердігер демеушілік көмек арқылы тұрғызады.
Бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры ғимаратын ауысымдық көлемі 40 адамға негізделген спорт орталығына айналдыру жұмыстары жүргізілмек. Жоба құны 449 млн теңге.
Жылдар бойы бос тұрған ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты қайта жөнделіп, Арқалық педагогикалық институтының оқу корпусына айналмақ.
Жоба құны 1 млрд 926 млн 700 мың теңге. Құрылыс туралы институт ректорының міндетін атқарушы Талгат Ещжанов таныстырды.
«Студенттер мен оқытушыларға қолайлы жағдай туғызылып, құрылыс нысаны мейлінше сәулетті жасалуы керек. Аралық қабырғаларын әйнектен жасап, заманауи озық үлгідегі жабдықтармен қамтылуы қажет. Институтқа университет мәртебесін беру мәселесі таяу күндері шешімін тауып қалады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қалалық мәдениет сарайына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба құны 1 млрд 217 млн теңге. Мердігері «RAKADA GROUP» ЖШС. Облыс әкімі бұл нысанды да назардан тыс қалдырмай құрылыс мердігеріне жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Сапар соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала әкімдігінің мәжіліс залында қаланың даму перспективасы бойынша кеңес өткізді.
«Арқалықты қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Едәуір назар аударылып жатыр. Жылумен жабдықтау жүйесі тозығы жеткен қала болатын. Кезең-кезеңмен қалыпқа келтірілуде. Ақаулар саны азайды. Сумен жабдықтауға да көңіл бөлініп, нәтижесінде ақау саны екі есеге дейін төмендеді. Ауылдарды сумен қамтуды да жалғастыратын боламыз. Жол саласының да мүмкіндігі артып келеді. Кейінгі екі жылдың ішінде Арқалық қаласының аумағында 145 шақырым жол жөндеуден өтті. Родина, Фурманов, Восточный, Ашутасты ауылдарында 55 көше жөнделді. Республикалық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр. Биыл Арқалықтың тұрғындары Астанаға жақсы жолмен баратын болады. Ұлытау облысына дейін баратын 87 шақырым жолды биыл салып бітіреміз. Жаңа асфальтталған жол болады. Мұндай жол ол жерде ешқашан болмаған. Болашақта оңтүстіктен жүк таситын машиналар Арқалық арқылы өтеді. Жолға жауап беретін азаматтардың есебінше күн сайын 2 мыңнан аса машина өтеді. Аэропорт жөнделіп, жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Астанадан, Қостанайдан ұшатын рейстер кестесі қарастырылып жатыр. Сондықтан, Арқалық – үлкен көлік-логистикалық қала болады», – деп атап өтті облыс басшысы.
Кеңесте Құмар Іргебайұлы қаланың дамуы бойынша толғамды сараптама жасап, қала әкімі Әмірхан Асановтың баяндамасын тыңдады.
Сондай –ақ, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты ректорының міндетін атқарушы Талгат Ещжанов, «Arkalyk Qus» ЖШС құрылтайшысы Максим Божко, «АВ Agro-KZ» ЖШС, «Аркалык Агро KZ» ЖШС инвестициялық жобаларының жетекшілері Нұрқанат Тәжнияз бен Мұрат Аманжоловтардың есептеріне де ден қойды.
Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала басшылығына көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын бәсеңдетпеуді тапсырды.
Тұрғын үй құрылысын жетілдіру, қаланы абаттандыру, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымды екенін алға тартты. Оңтүстік өңір тұрғындары үшін ең төменгі есептік көрсеткіш 1 пайызбен несие берілуде. Осы өңірлерге келіп жұмыс істеймін деген медицина мамандарына 5 млн теңге шамасында көтерме жәрдемақы беріледі. Баспанамен қамтуға да мүмкіндік бар. Құрылыс жұмыстары толастамайды. Жаңа балабақша салынады. Бес бірдей жаңа спорт нысаны бой көтереді. Үйлер, ғимараттар жөнделеді.
Жиын соңында белгілі қолөнер шебері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин мен спорт шебері, қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары Жұлдыз Рахимова сөз алып, қаланың дамуына қолдау көрсетіп жатқан ел үкіметіне, облыс, қала басшылығына ел атынан алғыстарын айтты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы
.