Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысын Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін жоба жайлы айтты.
«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, Арқалық әуежайын қалыпқа келтіріп, аэровокзал салған жөн екенін айтты.
“Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді”, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл Торғай өңірі жұртының бірнеше жыл айтып келген мәселесі еді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру туралы халықпен кездесуінде де, журналистермен өткізген брифингінде де баяндаған.
Әуежайды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстың болжамды құны 8,4 млрд теңгеге бағаланып отыр.
«Қазір біз Арқалық қаласындағы әуежайдың қызметін қайта іске қосу үшін жұмыс істреп жатырмыз. Бүкіл зерттеу-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалық-құндық құжаттары да дайын. Барлық жобаны жоспарға сай жүргізетін болсақ, әуежайды уақытында іске қосу мүмкіндігі жоғары. Әуежайды қалпына келтіру қаланың инфрақұрылымын нығайту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін маңызды қадам екені даусыз», – деген еді облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысына қорытындылған алқалы басқосуда.
Айта кетейік, әуежайды қайта жаңартқаннан кейін, терминалдан сағатына жетпіс жолаушыға дейін өткізілмек. Әзірге, «Қостанай-Арқалық-Қостанай», «Астана-Арқалық-Астана» бағыттарын ұйымдастыру жоспарланған.
Президент Ұлттық құрылтайда елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалардын баршылық екенін атап өтті.
Фото: Ақорда