ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында патриоттық рухты көтеретін әртүрлі акциялар өтіп жатыр. Тағылымды жобалардың ішіндегі ең елеулісі жаппай әнұран айту науқаны болды десек қателеспейміз. Бұған сан алуан мекеме-ұйым атсалысып жатыр. Үлгілі үрдіске үн қосқандардың бірі – облыс орталығындағы «Қостанай-Су» кәсіпорыны.
Рәміздердің мәнін ашып, маңызын насихаттау бағытындағы іс-шаралар легі маусым айының басынан-ақ өңір-өңірде басталып кеткен. Жарқын жобаларды жүзеге асыру жөнінен «AMANAT» партиясы ерекшеленді деуге болады. Атап айтар болсақ, «Менің елім – менің туым» атты акция, партияның аймақтық филиалдары басшыларының, мәслихат депуттаттарының, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Менің туым – менің мақтанышым» тақырыбында бейнеқұттықтаулар челленджі жалғасып жатыр. «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамашылығымен ұйымдастырылып жатқан тағылымды, тартымды жобалар да аз емес. Партия ұйытқы болған тағы бір айырықша іс-шара – бір уақытта жаппай әнұран айту. Бұл науқан аймақтық филиалдарда ғана өтіп жатқан жоқ. Мәнді бастамаға басқа да мекеме-ұйымдар, кәсіпорындар үн қосу үстінде.
Мәселен, облыс орталығында «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны аталған акцияны жалғай әкетті. Мұнда жұмыс күні әдеттегіден ерекше басталды деуге болады. Ұжымдағы елу шақты қызметкер мемлекеттік мерекенің құрметіне сап түзесіп, әуелетіп әнұранды шырқады.
«Біз үшін мемлекеттік рәміздердің қай-қайсысы да қастерлі. Егемендігіміздің айнымас бөлшегі болғандықтан, Туымызды, Елтаңбамызды, Әнұранымызды құрметтеу –перзенттік парызымыз. Осыған орай, мереке қарсаңында ұжым қызметкерлері бір кісідей ұйымдаса қалып, әнұран шырқау міндетін орындадық. Бұл біз үшін дәстүрлі науқан емес, азаматтық борыш. Елге деген сүйіспеншілік сөзбен емес, іспен білінеді. Өйткені біз қатардағы қызметкер емеспіз, ең әуелі ел азаматымыз. Бүгін шынымен де рухымыз бір серпіліп қалғандай болды», – дейді 4-разраядты электр монтері Серік Баймағамбетов.
Әнұран айту жиынына кәсіпорындағы жастар да, егде жастағы қызметкерлер де қатысты. Сондай-ақ қатарда әртүрлі ұлт өкілдері бар. Қай-қайсысы да бұл іс-шараның жауапкершілігін терең сезінгендерін айтады.
«Мұндай іс-шара мемлекеттік нышандарымыздың қасиетті құндылық екенін ұғындырады. Олардың әрқайсысының астарында ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен Тәуелсіздігіміздің киелі нақышы жатыр. Бұл акция елге деген мақтаныш сезімін, патриотизмді және әріптестік бірлігімізді бекемдей түседі. Осы азаматтық, адамгершілік игілік өскелең буынның бойына даруы керек», – деп толғанды кәсіпорынның тағы бір электр жабдықтарының маманы Никита Одинец.
Бір байқалғаны, флешмобқа қатысушылар қарапайым еңбек адамы бола тұра, әнұранның мәтінін бәрі бірдей жаттап алған. Оң қолдарын кеуделеріне қойып, мемлекеттің басты әуенін айырықша асқақ рухпен айтып шықты. Олар әнұранды мереке қарсаңында ғана емес, үнемі бірлесе шырқап тұруға қарсы емес екендерін де білдірді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ