Қостанай қаласының орталығында, Қасымханов және Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында орналасқан скверде абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы демалыс аймақтары қарастырылып, жаңа сәулеттік нысандар бой көтермек.
Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты – Қостанайдың бай тарихын заманауи үлгіде көрсету.
«Біздің мақсатымыз – Қостанайдың бай тарихын заманауи архитектуралық шешімдер арқылы көрсету және бұл скверді қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды нүктеге айналдыру», – деді ол.
Сквердің орталық бөлігінде дөңгелек пергола және ыңғайлы демалыс аймақтары орнатылады. Сонымен қатар, биіктігі 2 метрден, ені 1 метрден аспайтын ерекше сәулет нысаны бой көтереді. Әкімнің сөзінше, ол Қостанайдың символын бейнелейтін арт-объект, түпнұсқа белгі, жарықты немесе мультимедиялық инсталляция, тіпті мүсіндік элемент болуы мүмкін.
Бұл ретте әкім қала тұрғындарына үндеу жасады:
«Құрметті қостанайлықтар, біз сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды күтеміз! Қала символын қалай көргіңіз келетінін түсініктемеде жазып қалдыруға болады. Комиссия ең үздік бес нұсқаны қарастырады және солардың бірі жүзеге асырылуы мүмкін», – деді Марат Жүндібаев.
Осылайша, алдағы уақытта Қостанай орталығы жаңа демалыс орнымен толығып, оған тұрғындардың өз қолтаңбасын қалдыруына мүмкіндік туады.
