Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің орындалуын Қостанай облысындағы әр саладан да көруге болады.
Облыс автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елде бірінші орын алады. 2025 жылы автожол желісін дамытуға 104,7 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылға қарағанда 42%-ға көп. Жоспарға 1 200 км жол және 103 елді мекендегі 382 көшені жөндеу кіреді. Арнайы назар ауылдық елді мекендерге апаратын жолдарға аударылып отыр: үш жыл бұрын 20 учаске жөнделсе, биыл — 80.Республикалық маңызы бар жолдардың — Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы, Ұзынкөл – Троебратное, Бестөбе – Ақтөбе облысының шекарасы, Арқалық – Ұлытау облысының шекарасы сынды учаскелердің жөнделуі белсенді жүргізілуде. Соңғы учаскенің жөнделуін аяқтағаннан кейін күнделікті көлік ағыны 150-ден 2 500 машинаға дейін артады деп күтілуде.
Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы Транскаспий бағытындағы жаңа тасжол жобасының маңызы зор. Бұл жол елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы қашықтықты 560 км қысқартып, Қазақстанның халықаралық логистикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Осы жобалардың әсері айқын. Біріншіден — жүктер мен жолаушылардың жылдам әрі ыңғайлы тасымалдануына қолайлы жағдай жасау. Бұл өз кезегінде жол бойындағы барлық өңірлерде экономикалық белсенділікті арттырып, бизнестің дамуына, сауда мен қызмет көрсету саласының өсуіне септігін тигізеді.
Сонымен қатар, магистралдың Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытына шығуы Қазақстанның халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық экономикалық ахуалдың өзгеруі жағдайында сауда қатынастары мен бағыттарға тез бейімделу үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысының Астана, Арқалық, Торғай, Ырғызды жалғайтын жаңа автомобиль магистралын салу туралы тапсырмасы — еліміздің логистикасын дамытуда маңызды қадам болады. Машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары қатарында бұл сала Қостанай өңірінің экономикасын дамытуда төртінші — стратегиялық маңызы бар бағытқа айналады
