Республикалық «Қарасора» жедел алдын алу шарасы аясында полицейлер есірткіні бақшадан тікелей жеткізу арнасын әшкереледі.
Тобыл тұрғынынан марихуана салынған 20-дан астам полиэтилен пакет пен орам табылды . Олардың бір бөлігін ол жұмысында ұстаса, қалғанын үйінде сақтаған. Бұған қоса, саяжайында да қарасора өсірген.
Қостанай облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара барысында бірден екі жерде — күдіктінің жұмыс орнында және тұрғын үйінде тінту жүргізді.
Нәтижесінде өсімдік тектес зат салынған 11 пакет пен 12 орам тәркіленді.
Саяжайдағы аулада 18 түр марихуана табылды. Өсімдіктер мұқият күтіп-бапталған.
Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат — жалпы салмағы 3,4 килограмм болатын марихуана. «Есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз сақтау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлердің айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде.
«Қарасора» операциясы жалғасып жатыр. Осыған байланысты тыйым салынған өсімдіктен «өнім алуды» көздегендер құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды, әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
