Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін және заманауи энергетикалық жүйе еліміздің тұрақты экономикалық өсімі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартудың берік іргетасқа айналады.
Жаңа KIA автозауыты — Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі, отандық машина жасау саласындағы ең ауқымды құрылыс.

Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – 2023 жылдың күзі мен 2025 жылдың жазы аралығында аяқталды. KIA Corporation тарапынан жобаға 117 млрд теңге тікелей инвестиция салынды. Бұл – Оңтүстік Кореядан тыс жерде автомобиль өнеркәсібіне құйылған ең ірі шетелдік капиталдардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге.
«Бұл – өңір тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының және барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында зауыт небәрі бір жарым жылда салынды», — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жоба мемлекеттік деңгейде толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді: жолдар, теміржол тармақтары, инженерлік желілер салынды.
Жаңа өндірістің іске қосылуы – инвестициялық көлемі жағынан ғана емес, әлеуметтік әсері тұрғысынан да маңызды. Алғашқы кезеңде 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл – аймақтағы еңбек нарығын күшейтіп, қостанайлық жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын ең ірі жобалардың бірі.
Сонымен қатар, автозауыт маңында Локализациялау орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде тағы 800 адам жұмыспен қамтылады. Орталықта автомобильге арналған орындықтар, шығатын газ жүйесінің бөлшектері және пластикалық элементтер шығарылады.
Жаңа зауыттың ерекшелігі – автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістік процестер. Кәсіпорын озық автоматтандырылған желілермен жабдықталған, бүгінде онда 67 робот іске қосылған.
Бұл зауытты өңірдегі ең заманауи өндіріс орындарының біріне айналдырады.
Жоғары технологиялы өндіріс үшін кадрларды дайындау корейлік Dong-Eui университетімен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен және жергілікті колледждермен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл зауыт іске қосылмай тұрып-ақ кәсіби мамандардың командасын жасақтауға мүмкіндік берді. Негізгі басымдық – жергілікті мамандарға беріліп отыр.
