Қостанай облысында автомобиль жолдарында цифрлық шешімдерді енгізу жалғасуда.
Заманауи технологиялар көлік инфрақұрылымын басқаруды жақсартумен қатар, нақты мәселелерді шешуге бағытталған: жолдарды бұзылудан қорғау және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру.
Өңірдегі басты проблемалардың бірі – жол жамылғысының ауыр салмақтан тозуы. Әсіресе, руданы және құрылыс материалдарын тасымалдайтын жүк көліктері жиі жүретін бағыттарда бұл айқын байқалады.

Жол активтерінің сапа орталығы: жолдар ыстық пен ауыр салмаққа төтеп бермейді
Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Қостанай филиалының мәліметінше, ең әлсіз кезең – жаз айлары. Ауа температурасы +25°С-тан асқанда асфальт жұмсарып кетеді.
– Жазда сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін шектеу қойылады: бір оське сегіз тоннадан артық салмаққа рұқсат етілмейді. Бірақ ауыр жүк көліктері уақытша тыйымдарға қарамастан қозғала береді. Бір жүк көлігінің салмағы ондаған жеңіл автокөлікке тең. Бұл жолдың деформациясына, кейін толық бұзылуына алып келеді. Сондықтан біз көлік инспекциясымен бірге рейдтерге шығып тұрамыз, – деп атап өтті Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Қостанай облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаев.
Оның айтуынша, салмақтық бақылау тек заң бұзушыларды жазалау үшін емес, жолды жөндеуге кететін ірі шығындардың алдын алу үшін де маңызды.
