Қостанай қаласының орталық алаңында ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 1-курс курсанттары салтанатты түрде Отани алдында Ант берді.
Іс-шара Қазақстанның Ішкі істер органдарының абыройлы ардагері, Ішкі істер министрлігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға, отставкадағы генерал-майор Талап Кабденовтің 80 жылдығына арналды.

Салтанатты рәсімге Академия басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, құрметті қонақтар, ата-аналар және қала тұрғындары қатысты.

Курсанттармен қатар Физика-математикалық лицейдің “Жас сақшы” кадет сынып оқушыларына арнайы куәліктер табысталды. Бұл олардың да болашақ құқық қорғау қызметіне алғашқы қадамын білдіреді.
Қазақстан Республикасы ІІМ орынбасары, ҚАЖК төрағасы, әділет полковнигі Абай Қайырбеков құттықтау сөз сөйлеп:

«Ант қабылдау – әр курсант үшін ерекше әрі маңызды күн. Бұл сәт сенім мен абыройдың ұлы мерекесі. Сіздер Отанға адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін нығайтуға ант бердіңіздер», – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес және «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында әр курсантқа Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы сыйға тартылды.


Бұл бастама жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған.
Рәсім жас курсанттардың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болып, олардың құқық қорғау қызметіндегі алғашқы қадамына айналды.
Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз қызметі
