Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде қызылшамен ауырудың 156 дерегі тіркелген.
Қызылша жұқтырғандар үлесі мына аудан-қалаларға тиесілі: Әулиекөл ауданы – 3, Жанкелдин ауданы – 3, Қарабалық –2, Қостанай ауданы – 12, Науырзым – 2, Қостанай қаласы – 107, Рудный қаласы – 19, Арқалық – 3. Денисов, Жітіқара, Қарасу, Ұзынкөл және Бейімбет Майлин аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген.
Бұл дерт екпе алмаған адамдар арасында көп кездеседі. Олардың үлесі – 54,5% немесе 85 адам. Көбі егілуден бас тартқан, сондай-ақ медициналық тұрғыда егілуге жарамсыз деп танылған және екпе қабылдау жасына жетпеген сәбилер бар. Қызылша жұқтырған 41 адамның егілу статусы анықталмаған. Ал вакциналанғандар арасында 30 адам осы ауруға шалдығыпты (19,2%).
Науқастардың жас ерекшеліктері мынадай: 1 жасқа дейінгі балалар – 26 (17%), 1-14 жас аралығындағы балалар – 70 (45%), 15-18 жас аралығындағылар – 14 адам (8,9%), 19 және одан жоғары жастағы адамдар үлесі – 46 (29,4%).
Қызылшамен ауырған адамдардың әлеуметтік-кәсіби құрамына жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша, науқастардың 40,4%-ы – бағу-қағуы дұрыс емес балалар (63 жағдай), мектепке дейінгі ұйымға баратын балалар үлесі – 12,2% (19 жағдай), оқушылар – – 10,2% (16 жағдай), студенттер – 10,9% (17 жағдай), жұмысшылар – 15,4% (24 жағдай), басқалары – 10,9% (17 жағдай).
Қазіргі таңда, эпидемиологиялық жағдайға байланысты, 6-11 айлық және 2-5 жас аралығындағы балалар арасында қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) шарасы жүргізіліп жатыр. ҚЖИ аясында ұзын саны 4003 адам егілген.