Меңдіқара ауданындағы Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіби-техникалық колледжінде биыл алғаш рет «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы ашылды. Бұл – Қостанай облысында аталған бағыт бойынша маман даярлайтын жалғыз колледж.
Колледж директоры Ғайния Есееваның айтуынша, жаңа мамандыққа сұраныс жоғары. Биыл 9-сыныптан кейін мемлекеттік тапсырыс негізінде 25 студент тегін білім алады. Оқу мерзімі – үш жыл.
«Қостанай облысы – орманды өңір. Сондықтан өрт қауіпсіздігі саласының мамандарына қажеттілік өте жоғары. Біз осы бағытта кәсіби кадр даярлауды қолға алып отырмыз. Бұл тек біздің ауданға емес, бүкіл өңірге қажет мамандық», – дейді колледж директоры Ғайния Есеева.

Тоқсан жылдық тарихы бар оқу орны бүгінде ауыл шаруашылығы мен техникалық бағыттағы мамандар даярлайтын іргелі білім ордасына айналған. Колледж ауыл шаруашылығын механикаландыру, электроэнергетика, аспаз ісі, есеп және аудит, дәнекерлеу ісі секілді мамандықтарға кадрлар даярлайды. Қазіргі таңда оқу орнында 85 адамнан тұратын оқытушылық құрам еңбек етеді.
Меңдіқара ауданы – егін шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Ауданда ірі және шағын фермерлік шаруашылықтар көп болғандықтан, жұмысшы мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Колледж осы қажеттілікті өтеу үшін жастарды еңбекке баулып, тәжірибеге негізделген білім беріп келеді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – өңірге қажетті мамандарды даярлау. Жастар тек теория алып қана қоймай, нақты еңбекке араласуы керек. Сондықтан біз студенттерді кәсіпорындармен тығыз байланыстырып, тәжірибеге көбірек көңіл бөлеміз», – дейді Ғайния Есеева.

Колледждің материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жаңартылған. Оқу орнында 500 гектарлық оқу шаруашылығы бар. Мұнда студенттер егін егу, техника жүргізу, ауыл шаруашылығы жұмыстарын тәжірибе жүзінде меңгереді. 2022 жылы «Жас маман» бағдарламасы арқылы колледжге John Deere маркалы трактор мен комбайн, сондай-ақ заманауи егін егу құрылғылары алынған.
Бүгінде механикаландыру мамандығы бойынша 90-нан астам студент аудан шаруашылықтарында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Олардың басым бөлігі тәжірибе барысында жалақы алады. Бұл – колледж бен жергілікті фермерлер арасындағы меморандум негізінде жүзеге асырылып отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Колледжде дуальді оқыту бағдарламасы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда студенттердің елу пайызы теорияны оқумен қатар, кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды. Бұл түлектердің оқу аяқталған соң бірден жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Колледж студенті Алексей Коновалов дәнекерлеуші мамандығын өзі таңдап келгенін айтады. Оның пікірінше, бұл – болашағы бар әрі сұранысқа ие кәсіптердің бірі.

«Маған осы оқу орны ұнайды. Дәнекерлеуші мамандығын өзім таңдап түстім. Болашақта диплом алғаннан кейін облыстағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істегім келеді. Бұл – әрқашан керек мамандық. Меніңше, дәнекерлеушінің жұмысын ешқандай жасанды интеллект алмастыра алмайды», – дейді бірінші курс студенті Алексей Коновалов.
Өндірістік оқыту шебері Владимир Кожуковскийдің айтуынша, колледжде студенттердің тәжірибелік дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Қазір студенттер аптасына екі рет өндірістік тәжірибеден өтеді.
«Біз «Жас маман» бағдарламасы бойынша дәнекерлеуші мамандығын алты жылдан бері оқытып келеміз. Өзім осы колледжде он төрт жыл еңбек етемін. Мамандығым да, жұмысым да өзіме ұнайды. Бұл – өте қажет мамандық. Барлық ата-ананың баласын үлкен қалаға оқытуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан аудан жастары үшін мұндай колледждің маңызы зор», – дейді өндірістік оқыту шебері Владимир Кожуковский.

Оның сөзінше, колледж түлектері бүгінде еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр.
«Біздің түлектер Алматыда, Рудныйда және басқа да қалаларда жұмыс істейді. Көбі оқуын аяқтаған соң бірден жұмыс тауып кетеді. Себебі олар колледж қабырғасында жүргенде-ақ тәжірибе жинақтап үлгереді», – дейді ол.
«Біз балаларды ертең жұмыс орнына барғанда қиналмайтындай етіп дайындауға тырысамыз. Сондықтан заманауи техникамен жұмыс істеуді, кәсіпорын талабына бейімделуді оқу барысында-ақ үйретеміз», – дейді колледж басшысы.
Бүгінде Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіби-техникалық колледжі Меңдіқара ауданы үшін ғана емес, тұтас Қостанай өңірі үшін маңызды маман даярлайтын орталыққа айналып отыр. Колледжге Қостанай облысынан бөлек, еліміздің өзге өңірлерінен де талапкерлер қабылданады.
Бота МАНЕТ
Меңдіқара ауданы
