Қостанай облысында екі жел электр станциясы іске қосылды

Қостанай облысында екі жел электр станциясы іске қосылды

Қостанай ауданында жалпы қуаты 100 мегаватт болатын екі жел электр станциясының ашылу рәсімі өтті. Жобаларға 38,6 млрд теңге инвестиция салынған. Өңір билігінің мәліметінше, жаңа нысандар облыстың электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Жобалар Шеминов ауылы аумағында жүзеге асырылып жатыр.

 

16 жел генераторы орнатылды

«Jupiter Wind» және «Mars Wind» компаниялары іске асырған жобалар аясында әрқайсысының қуаты 6,25 мегаватт болатын 16 жел генераторы орнатылған. Әр компанияның станциясы 50 мегаватт қуат өндіруге есептелген. Жобалық қуатына сәйкес, екі станция жылына 380 млн киловатт-сағат электр энергиясын өндіре алады. Нысандарды іске асыруға 38,6 млрд теңге инвестиция бағытталған.Құрылыс кезеңінде 200 адамға дейін жұмысқа тартылған. Ал станциялар толық пайдалануға берілгеннен кейін 8 тұрақты жұмыс орны қарастырылған.

Жоба аясында қосалқы станциялар мен электр беру желілері салынған. Өндірілген электр энергиясын сатып алушы ретінде жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы белгіленген. Электр энергиясын жеткізу мерзімі – 20 жыл.blank blank

Қостанай облысы электр энергиясын төрт есе көп тұтынады

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі энергетикалық теңгерім мәселесіне назар аударды. Оның мәліметінше, Қостанай облысында электр энергиясын тұтыну көлемі жергілікті өндіріс деңгейінен шамамен төрт есе жоғары.blankblank

Берілген көрсеткіштер бойынша, облыстың тұтынуы 0,45 гигаватт, ал өз өндірісі 0,12 гигаватт шамасында. Осы айырмашылықты азайту үшін өңірде баламалы энергия көздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір облыста алты ірі энергетикалық жоба іске асырылуда. Оның төртеуі – жел электр станциялары, біреуі – күн электр станциясы, тағы бірі – газ-поршеньді станция.blankЖоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда облыстың электр энергиясын өндіру көлемін 0,12 гигаваттан 1,2 гигаватқа дейін арттыру көзделген. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жылына 292 мың тонна шығарындыларды қысқарту көзделген

Жел электр станцияларының тағы бір ерекшелігі – қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етуі. Жоба паспортына сәйкес, нысандар көмірқышқыл газы шығарындыларын жылына 292,2 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді деп есептелген.blankblankМемлекет басшысы Қазақстанның өсіп келе жатқан энергия қажеттілігін ескере отырып, сенімді әрі экологиялық таза энергия көздерін дамытудың маңызын атап өткен. Қостанай облысындағы жел электр станциялары осы бағыттағы жобалардың қатарына жатады. Өңірде баламалы энергетика нысандарын дамыту электр энергиясын өндіру мүмкіндігін арттырып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін көбейтуге бағытталған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Қостанай ауданы