Қостанай-Мамлютка жолының 43 шақырымы жөнделді

Қостанай-Мамлютка жолының 43 шақырымы жөнделді

Қостанай облысында республикалық маңызы бар «Қостанай-Мамлютка» автожолының 43 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Құны 5,6 млрд теңге болатын жоба екі учаскені қамтиды. Жаңартылған жолдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қостанай облыстық филиалының директоры Серік Қарабековтің мәліметінше, жөндеу жұмыстары Ұзынкөл кентінен Ершовка ауылына дейінгі 17 шақырымды және Нечаев кентінен Тобыл қаласына дейінгі 26 шақырымды қамтыған.blankБірінші учаскеде жолды фрезерлеу, ресайклирлеу, асфальтбетон жабынының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін нығайту жұмыстары толық аяқталған. Жаңа жол таңбалары салынып, жол белгілері орнатылған. Екінші учаскеде де барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Жол жабыны жаңартылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар орындалған.blankЖөндеу барысында ескі асфальтбетон жабынының 5 сантиметрлік қабаты фрезерленіп, жолдың зақымданған тұстары жөнделген. Қиыршықтас негізі қалпына келтіріліп, жалпы қалыңдығы 11 сантиметр болатын екі қабатты асфальтбетон жабыны төселген. Бұдан бөлек, жол жиектері нығайтылып, 89 жол белгісі ауыстырылған, жол таңбалары жаңартылған. Нысанда 31 жол-құрылыс техникасы мен 26 маман жұмыс істеді. Жобаның жалпы құны – 5,6 млрд теңге. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Қостанай облыстық филиалы, мердігер – «ВАН» ЖШС, техникалық қадағалау қызметін «Мерей-Тайынша» ЖШС атқарды.

Жөнделген жол учаскелерін аралаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов автомобиль жолдарының сапасы тұрғындардың жайлылығымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жол инфрақұрылымы өңірдің қауіпсіздігіне, кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция тартуға және экономикалық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.blankМемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндетін қойған. Бұл тұрғыда Қостанай облысының көлік-логистикалық әлеуеті маңызды. Өңір арқылы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын көлік дәліздері өтеді. Сонымен қатар Ресеймен қатынасты қамтамасыз ететін бағыттар да бар.

Соңғы жылдары облыста жол жөндеу жұмыстарының көлемі артқан. Әсіресе өңірдің негізгі көлік байланысын қамтамасыз ететін республикалық маңызы бар жолдарға басымдық беріліп келеді.blankОблыс әкімі жол жөндеу кезінде технологиялық талаптар мен сапа стандарттарын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды. Жолдар ұзақ жылдар бойы қызмет етуі үшін құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай орындалуы керек.

Сонымен қатар тұрғындардың жол сапасына жіті назар аударып отырғаны айтылды. Әлеуметтік желілерде өңірдегі жолдардың жағдайына қатысты пікірлер жарияланып, кейбір тұрғындар оны көршілес облыстармен салыстырады. Бұл саладағы өзгерістердің қоғам назарында екенін көрсетеді. Дегенмен атқарылған жұмыстармен шектелмей, жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажет.blankОблыста ірі көлік жобаларын жүзеге асыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Солардың бірі – Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығатын «Орталық-Батыс» автожолын салу. Жоба Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге, өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған.blankblankЖол инфрақұрылымын жүйелі жаңарту көлік қатынасын жақсартып, жол жүру уақытын қысқартуға және өңір экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Ал «Қостанай-Мамлютка» автожолының жөнделген 43 шақырымы республикалық маңызы бар бағыттың сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың бірі болды. 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Қостанай ауданы