Биыл Қостанай облысында барлығы 113 491 оқушы оқу жылын аяқтайды, оның 4 256-сы 11 сыныптан кейін мектеп түлектері атанады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне жасаған үндеуінен кейін соңғы қоңырау рәсімі өтетін болды. Министрдің үндеуін мектеп басшылары да қоштап отыр.
«ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев 2024 жылғы 30 сәуірінде ведомствоның аппараттық отырысында 2024 жылы еліміздің мектептерінде соңғы қоңыраудың өткізу жөнінде ресми ақпарат жариялады. Яғни, биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталады, 1-10 сынып оқушылары үшін 24 мамыр күні «Менің білімім – Отанға» атты тақырыбында сынып сағаттары өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау іс-шарасы 25 мамырда өткізуге рұқсат берілгені жөнінде жеке тоқталды. Менім ойымша, әр мектеп түлегі, яғни 11-сыныпты аяқтағалы тұрған оқушылар үшін бұл маңызды, әрі ерекше есте қалатын күндердің бірі”, – дейді С.Мәуленов атындағы гимназияның директоры Аслан Мәдібаев.
Өйткені түлектер өздерінің алтын ұя мектептерімен қоштасып, ерекше сезімде болады. Педагогтер үшін соңғы қоңырау іс-шарасы бұл оқу жылын аяқталғанын білдіретін рәсім ғана емес, одан тыс тарихи қалыптасқан мереке. Ал әр мерекені әр адам жақсы көреді, күтеді. Биылғы жылғы түлектер үшін бұл соңғы қоңырау маңыздылығының тағы бір себебі, осыдан екі жыл бұрын карантин болған кезде, олар негізгі мектепті, яғни 9-сыныпты аяқтаған түлектерге ғана арналды. Оқу жылы қашықтықтан өтіп, дәстүрлі аяқтау шаралары өтпеді.
“Соңғы қоңырау мерекесіне оқушылар өз мектеп формаларымен келеді, кәдімгі киім үлгісі, тек шын көңілмен сыйға тартылған гүлдер болмаса, ешбір шығын жоқ. Ал, мектеп тарапынан бұл іс-шараға ешуақытта қосымша қаражат бөлінбеген, сондықтан 30-35 минут өтілетін есте қалатын мерекенің болғаны жөнді деп есептеймін», – дейді Аслан Мәдібаев.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Бұған дейін хабарланғандай, биыл 9-11 сынып түлектеріне ақша жинап, түрлі шара жасауға тыйым салынады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ