Майкөл ауылдық округі аумағында жаңа жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Алып бағаналардың бүгінге дейін жетеуі орнатылып үлгерген.
Станция қуаты 100 МВт болмақ. Жылына 360 млн кВт өндіруге қауқары жетеді делініп отыр. Жоба құны – 38,6 млрд теңге. Бұл – жауапты «Universal Energy Qazaqstan» компаниясының өз қаржысы. Компания өкілдерінің айтуынша, станция өңірді жиырма жыл үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ете алады.



«Сіздер жақтағы желділік осындай станциялар салуға қолайлы. Әйтпесе тым баяу немесе өте екпінді жел оның жұмысына зор кедергі. Қостанайда бұл тұрғыдағы көрсеткіш талапқа сайма-сай келеді. Жобаны біз сәуір айында республикалық аукционда ұтып алдық. Тапсырыс берушілер – «Mars Wind» және «Jupiter Wind» серіктестіктері. Құрылыс қарқынды. Бір бағананы тұрғызуға, күн райы мүмкіндік берсе, 4 күн кетеді. Энергия Қостанай қаласындағы «Батыс» қосалқы станциясына жіберіліп тұрмақ. Мердігерлер жыл соңына дейін аяқтауға уәде етіп отыр. Бірақ біз көктемде толық дайын болады деп отырмыз», – дейді компания басшының орынбасары, «Turan Wind Energy» ЖШС президенті Темірлан Разбеков.
16 жерге орнатылатын бағаналардың биіктігі – 120, ебелегінің ұзындығы – 95 метр, әрқайсысының жалпы салмағы – 600 тонна. Бүгінде жеті қондырғы бой түзеп үлгерген. Темірлан Разбеков жалпы құрылыс жұмысы 70% дайын деп сендірді. Станция іске қосылса, 15 жұмыс орны пайда болады.




«Бұл – өте маңызды әрі аса қажетті жоба. Бұған ауқымды инвестиция салынып жатыр. Осының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, өзімізде электр энергиясын өндіру он есе ұлғаяды. Біз әзірге энергияның көп үлесін өзге өңірлерден, басқа елдерден сатып алып отырмыз. Сондықтан бұл әуелі энергетикалық қауіпсіздігіміздің кепілі. Мейлінше көмектесуге дайынбыз», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі жыл соңында алғашқы күн электр станциясының іске қосылатынын да айта өтті. Ол Бейімбет Майлин ауданында пайда болады. Сондай-ақ Арқалықта биылдан қалмай тағы бір жел электр станциясы пайдалануға берілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар Рудный қаласында, Федоров ауданында жалғасын табады.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
