Қостанай облысында отбасылық демалыс орындарының қатары көбеюде. Серуендеп, сейіл құрар кеңістіктердің сапына жуырда тағы бірнешеуі қосылмақ. Соның бірі – Қостанай ауданындағы эко-саябақ.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған жерді арнайы аралап шығып, құрылыс барысын бақылады. Қазір жоспарлы жұмыстың 70%-тен астамы орындалған.
Эко-саябақ Мичурин ауылының шетіндегі орман алабында орналасқан. Тұрғындардың таза ауамен көлеңкеде серуендеуіне, велосипед тебуіне немесе жүгіруіне арналған жолақтар болады. Бел жазып, демалу үшін төбесінде күркесі бар орындықтар қойылмақ. Орман алқабының екі жеріне ауыз су нысаны орнатылады. Ас-ауқат қызметі үшін бизнес өкілдеріне арнайы орын жасақталмақ.


«Президент тапсырмасын орындау мақсатында, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру аясында заманауи эко-саябақ салынып жатыр. Биыл жоба бойынша 43,8 гектар орман аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2,5 шақырым болатын велосипед және жүгіру жолағының асфальты төселді. Футбол, балалар, тренажер, күрес алаңдары және кіреберіс күмбезі, автотұрақ құрылысы жүріп жатыр. Нысанды қыркүйек аяғына дейін пайдалануға береміз. Бұл жер облыс тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады деп сенеміз», – деді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.


Облыс әкімі саябақ аумағында полиция бекетін ашуды ұсынды. Тұрғындардың келу жиілігіне, сұраныс деңгейіне қарай болашақта мұнда автобустар қатынауы мүмкін.
Аға буын өкілдері демалыс аймағына жақсы баға берді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
