Қостанайда өтіп жатқан «QOSTANAI TECH» фестивалінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен цифрландыру бағытындағы жетістіктері туралы баяндады.
Қостанай облысы бүгінде Қазақстандағы тұрақты дамып келе жатқан жетекші өңірлердің бірі. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша облыс республикада төртінші орында тұр. Аймақ машина жасау саласының ірі орталығына айналып, еліміздегі барлық машина жасау өнімінің шамамен 25%-ын өндіреді.
Облыс әкімінің айтуынша, өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі бойынша да алдыңғы қатарда. Қазіргі таңда облыс экономикасының негізін құрайтын өңдеу секторына жалпы өндірістің 70%-дан астамы тиесілі.

Тобыл-Торғай торабында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барлық салаларда белсенді жүргізілуде. Өнеркәсіп орындары заманауи роботтандырылған және автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Бүгінде өңір кәсіпорындарында 145 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді.
«Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Біз машина жасау саласында жетекші орынға ие болып, елдегі өнімнің төрттен бірін өндіріп отырмыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Аграрлық сектор да цифрлық трансформация кезеңінен өтуде. Жер ресурстары толық цифрландырылып, заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде өнімділік артып, шығындар айтарлықтай қысқарған.
Облыс әкімі мәлімдегендей, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және білім беру салаларында да жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Мәселен, медицинада цифрлық жүйелер диагноз қою дәлдігін 98%-ға дейін жеткізсе, білім беру саласында барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейі айтарлықтай өсті. Бұл тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.
«Біз үшін болашақ – тек өндіріс емес, сонымен қатар инновациялар, білім, цифрлық шешімдер және талантты жастар. Сондықтан өңірде жаңа технологияларды енгізу – басты басымдықтардың бірі», – деп тоқталды өңір басшысы.
Қостанай облысы бүгінде заманауи технологияларды енгізу арқылы экономиканың жаңа моделін қалыптастырып, жастар мен инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналуда.
