Қостанай облысында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті

Қостанай облысында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті

Қостанай және Арқалық қалаларында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті.

Олимпиаданы жетінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Биыл ІІ кезең алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығының негізінде жүзеге асты.

Қостанай облысынан екінші кезеңге 91 бала қатысты. Олар Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу үшін өзара бақ сынады.

Жалпы 2026 жылы олимпиаданың алғашқы кезеңіне республика бойынша 42 079 6-сынып ауыл оқушысы қатысса, 5000 оқушы финалға өтті.

Жобаның миссиясы – ауыл мектептерінде білім алатын оқушылар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру. Мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету және дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер ашу.

Жоба жетекшісі Қайроллаев Абылайхан:

«Соңғы алты жыл ішінде олимпиадаға 800 мыңға жуық оқушы қатысып, 6000 жеңімпаз анықталды. Олардың 1800-ден астамы мамандандырылған мектептерде білім алуда. 2025 жылы алғашқы 145 түлек мектепті аяқтап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті», — деді өз сөзінде.

Олимпиадаға қатысу тегін. Биыл тіркелу 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында және Umitten мобильді қосымшасында өтті.

Олимпиада екі кезеңнен тұрады:

І кезең (1-10 сәуір) – логикалық және кеңістіктік ойлау бойынша онлайн тестілеу. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 оқушы ІІ кезеңге жолдама алады.

ІІ кезең (28-30 сәуір) – математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ сыныптары үшін), орыс тілі (орыс сыныптары үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша офлайн тестілеу.

Жеңімпаздар Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.