Қостанайда қазақ тіліндегі тағы бір зияткерлік ойын пайда болды. «Qosta quiz» аталатын біліктілер сайысын ұйымдастырушы – облыстық «Қостанай таңы» газетінің ұжымы. Алғашқы ойын күні кеше, 30 қаңтарда облыс орталығында өтті.
Ана тіліміздегі рухани жобаға бейжай қарамаған зерделілер мен зияттылар қала орталығындағы «Пинта» барында бас қосты. Ойынға ұзын саны тоғыз команда, 48 адам қатысты. Олардың араларында студенттер, белсенді жастар, әр салада қызмет ететін қыз-жігіттер, ұжымдар және еркін құрамалар болды.
«Qosta quiz» авторлары ойыншыларға арнап, «Қостанай таңы», «Факт/фейк», «Жеті қазына», «Шұғаның белгісі», «Бас редактор», «Суреттер сөйлейді»және «Қиыннан қиыстыр» аталатын жеті түрлі сайыс әзірлеген. Олардың басым бөлігі өңірімізге, ұлтымыздың рухани құндылықтарына, мәдениеті мен әдебиетіне негізделген. Әлбетте, әлемдік деңгейдегі қызықты, қисынды сауалдар да, әр алуан салаға қатысты сұрақтар да аз болмады.
Сайыс барған сайын ширыға түсіп, қай команда да неғұрлым көп ұпай жинауға барын салды. Қызық болғанда, ойын қорытындысында көш басындағы екі команданың ұпайы тең болып шықты. Ұйымдастырушылар ұйғарымымен екі топқа қосымша бес сұрақ қойылды. Мұнда да қос мықты ұжым тең түсті. Бірақ жауаптарын бірінші болып тапсырған командаға жеңіс берілді.
Сонымен, «Qosta quiz» жобасының тырнақалды ойынында журналистерден, тіл мамандарынан құралған «Хазірет» командасы топ жарды. Бұлармен үзеңгі қағыстырып келген педагогтер қауымының «Қазбілім» тобы 2-орын еншіледі. Әкімдікте қызмет ететін арулар құрған «Асыл тас» ұжымы 3-ші тұғырдан көрінді. Ойынның үздік капитаны – «Қазбілім» командасының жетекшісі!
Жүлдегерлерге демеушілеріміз дайындаған сый-сияпат тарту етілді. Сайыстың тартысты өтуіне атсалысқан басқа командалар да құр алақан қайтпады. Барлығына әртүрлі кәдесый үлестірілді. Қатысушылар ұйымдастыру алқасына рахмет айтып, естелік суреттерге түсіп, кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған алғашқы ойын өте жақсы өтті. Бүгінгі сайыста «Хазірет» командасы жеңімпаз атанды. Топ мүшесі ретінде қуаныштымын! Сұрақтары, турлары өте қызықты. Ең бастысы, жаңа көзқарас, тың тыныс сезіледі. Қостанайда қазақша зияткерлік ойындар көбейсе, қазақ тілді орта кеңейсе екен деп тілейміз!» – деп лебізін айтты белсенді ойыншы Ерік Есенгелді.
Осы кезге дейін қазақ тілінде ойнатылып келе жатқан «BasTime» интеллектуалды ойнының жүргізушісі Марғұлан Бәкір де жаңа сайыстың пайда болуын жағымды жаңалықққа балады. Ол бұл жолы жеке бір командаға жетекшілік етіп, сайысқа түсіп көрді.
«Бұл да бір мәдениеттің, демалыстың тамаша түрі. Сондықтан мұнда жұрт, әсіресе, қазақ тілді қауым көп жиналса, ол мемлекеттік тілдің дамуына, жалпы қазақ тілді ортаның қалыптасуына септігін тигізеді. «Qosta quiz» осы үдеден шыға берсін! Қадамына сәттілік тілейміз!» – деді ол.
Расымен де, Қостанайда қазақы орта қалыптастыру қай кезде де маңызды. Ал бұған осындай жобалардың ықпалы зор. Бұл, біріншіден, рухани серпіліс, әдемі, кәделі демалыс, екіншіден, бастары жиі бір арнада тоғыса бермейтін әр сала өкілдерін жақындастыра түсетін атмосфера, достастық мекені, үшіншіден, біз осындай сайысқа қызығушылығы бар жандар үшін орыс тілді куиздердің өз тіліміздегі үздік баламасын жасауға талпындық. Алдағы ойындар алғашқысынан да қызықты болады деп сендіргіміз келеді.Келіңіздер, тіркеліңіздер! Білім жарысында жеңілген адам болмайды!
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ