Қор лауреаттары Қостанай сахнасында

Қор лауреаттары Қостанай сахнасында

Жастар сарайының концерт залында Назарбаев қоры сыйлығының лауреаттары концерт берді. Бұған дейін өнер иелері музыкалық білім беру мекемелерінде шеберлік сағаттарын өткізген еді.

Қор жастарға түрлі байқаулар мен жобаларды ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетеді. Мәселен, 2008 жылдан бері «Талантты жас қазақстандықтардың жүлдесі» тұрақты беріліп келеді.

Бүгінде 200-ге жуық адам мәдениет саласы бойынша Назарбаев қоры сыйлығының лауреаты атанған. Олардың қатарында  Қостанайдан Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармония солисті Анастасия Пикулева мен Арба биінен халықаралық би спортының шебері Малика Мұқтарова бар.

«Нағыз ұлт мәдениетін ұлықтаған киелі өлкеге келіп отырмыз. Өнерімізді көрсетіп, үлкендердің батасын алып, жастарға білгенімізді үйретіп, үлгі болуға тырыстық. Тұңғыш Президент қоры лауреаттары, соның ішінде шәкіртақы алғандар келіп отырмыз. Өзім 2014 жылы қор сыйлығының лауреаты атандым. Оған дейін 2009 жылы еліміздің еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болдым. Осының барлығы бізге шабыт беріп, қанаттандырды. Жас кезімізде өнер жолындағы осындай марапатқа ие болдық. Соның арқасында өнер майталмандары әлемге танылып, ұлттық мәдениетімізді әлемге паш етіп жүр. Мәдениетті қолдаудың арқасында осы күнге жеттік», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қор лауреаты Ардақ Балажанова.

Кеш барысында әншілер халық әндері, әлемдік классика және еліміздегі танымал композиторлардың шығармаларын орындады. Өнерпаздар халықтың ыстық ықыласына бөленді. Кешке жиналған көрермен қауым көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Әсел ҚИБАШ

Суретті түсірген Б.Мирамұлы.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу