Қоныс тойға санаулы күн: тәуіштіктер жаңа үйлеріне кіргенше асық

Қоныс тойға санаулы күн: тәуіштіктер жаңа үйлеріне кіргенше асық

Жанкелдин ауданында су тасқынынан қатты зардап шеккен елді мекендердің бірі – Тәуіш ауылы. Мұнда отыз үй су астында қалды. Тұрғындар баспаналарын, түлігі мен мүлігін құтқаруға тырмысқанымен, әрекеттен берекет шықпады. Ең қиыны, шаңырақтарынан айырылды, қастерлі босағалары қапелімде қиранды мен үйіндіге айналды…
Алайда жанайқайлары үкімет құлағына жетіп, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен барлық шығындары түгенделетінін естіп, көңілдері қайта бүтінделді. Мінеки, бүгінде мемлекет бастамасымен «Қазақстан халқына» қорының қолдауы және елдегі алпауыт құрылыс компанияларының әлеуметтік жауаркершілігінің арқасында ауыл іргесінен заманауи үйлер салына бастады.

Азғантай мерзімде еңсе тіктеп шыға келген осынау баспаналардың иелері жаңа қонысты тойлатар сәтті саусақ санап күтіп отыр.
Амандық Есболов Тәуіш ауылының  байырғы тұрғыны. Жігіт болып, жілігі толған шақта, әскерден оралысымен, әкесінен қалған қарашаңыраққа ие болып қалғанын айтады. Одан бері де қырық жыл уақыт жүйткіп өте шығыпты. Кезінде ауылдағы жалғыз телефон иесі саналған байланыс саласы қызметкерінің үй-жайы ауыл тұрғындарының үлкен-кішісіне түгелдей таныс-тын. Тіпті көрші ауылдардағы ағайын да адаспай табушы еді. Мінекей, табалдырығынан кісі аяғы арылмайтын осы бір “танымал” үйді де алапат тасқын елеп-қарап жатпады, іргесінен ірітіп, қабырғасын қақыратып, тұруға жарамсыз етті де кетті…


«Осында өндік, өстік. Бүгінде ата-әже болдық. Мынадай апатты алғаш көруіміз. Басында абдырып қалғанымыз рас. Үлкен кісілерді аудан орталығына жіберді. Ертеңіміз қалай болмақ деп, уайымға салындық. Енді бәрі де өтті-кетті. Қазір Президенттің бастамасы көңілімізді серпілтіп, үкімет елге, халыққа көп көмегін тигізіп жатыр. Бізге Арқалық қаласынан пәтер беретін болды. Ал қолымда тұрған балам төрт бала-шағасымен осында, Тәуіште қалады. Оларға жаңадан үй салынып жатыр», – дейді Амандық ақсақал.

Естеріңізге сала кетейік, қазір Тәуіште 22 үйдің құрылысы жүру үстінде. Тағдырлас тұрғындар осы айдан кешікпей тиесілі баспаналарына еніп алармыз деп үміттеніп отыр. Үр жаңа үйге қоныстанатын Анар Салауатованың да қуанышында шек жоқ. Жеті бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана нақ мұндай үйге ие болатынын елестетіп те көрмегенін айтады. Бұған дейінгі ескілеу үйде он бір жан өмір сүріп келіпті. Араларында тоқсаннан асқан қария да бар.

«Жаңадан салынып жатқан үйлердің өзімізге тиесілісін жеребе арқылы таңдап алдық. Отбасымызбен құрылыстың аяқталар сәтін тағатсыздына күтіп жүрміз. Атамыз да ара-арасында бізді сөзбен қамшылап: «Құрылыс жаққа барып тұрыңдар, қолғабыс етіңдер» деп ақылын айтып отырады. Бейнет соңы берекеге ұласып, осы қызықты бізбен бірге көретініне үлкен кісі де ерекше қуанышты», – дейді көп балалы ана.

Табиғи апат ауыл іргесіне қауіп төндірген сәттен бастап тынымды білмей, күндіз-түні шаруадан тізе бүгіп, бел жазбаған тәуіштік азаматтар аз болмады. Соларды ұйымдастырып, бірлікті іске бастарын біріктірген – ауылдық округ әкімі Бақыт Төлебаев еді. Бақыт Қабдырашұлының бұл лауазымға сайланғанына аса көп уақыт та бола қоймаған. Бұған дейін ауыл мәдениетін көтеруге атсалысқан азаматын жергілікті халық өзі аттай қалап, әкім етіп сайлап алған-ды. Қазіргі таңда елінің сол үдесінен шығып, ауылдастарының иығына түскен ауырпалықты соңына дейін бірге көтерісті.

«Қазір ауылдағы ахуал біртіндеп оңалып келе жатыр. Су тасқыны кезінде де, сол алапаттан кейін де жан-жақтан көп көмек келді, қолдау-жәрдем әлі күнге толастаған жоқ. Халық суға кеткен мал басы үшін толықтай өтемақы алды. Жапа шегуші ретінде өтініш берген азаматтар бір реттік қаражатына да қол жеткізді. Арнаулы комиссия да құлаған үйлерді бағалау шараларын уақытылы жүргізді. Баспанасынан айырылған ауылдастарымызға он миллион теңгеге сатылып алынған құралмалы үйлерді үлестіріп бердік», – дейді Бақыт Қабдырашұлы.

Жаңа қоныстарын тосқан тұрғындар әзірше ескі баспаналарының жанынан қос тігіп, киіз үй құрып, тіршіліктерін жалғастырып жатыр. Олар құр қол қарап та жатқан жоқ. Қираған үйлерін қора-қопсы салу үшін бұзып алып жатыр. Қалаған, қажетті материалдарын, керек-жарақтарын әркім толық жиып-теріп алып болған соң іске жергілікті билік кіріседі. Үйінділерді әр жерде қалдырмай, орындарын тегістеп, айналаны түгел тазартып шығады. Елдің көзі тасқынның ойранынан қалған “тыртық-сүйелге” емес, ауылдың ажарын аша түскен жаңа баспаналарға түсуі керек!

Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН

Жаңалықтармен бөлісу