Аманкелді ауданында ашылған «Ұлттың Жады қабырғасы» рекордтар кітабына енді

Аманкелді ауданында ашылған «Ұлттың Жады қабырғасы» рекордтар кітабына енді

Аманкелді ауданының «Тәж Торғай» туристік кешеніндегі «Ұлттың Жады қабырғасы» нысанын “Global Book of Records” (GBR) халықаралық реестріне енгізу және Әлемдік рекордты тіркеу рәсімі өтті.

 Салтанатты іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аталған туристік орталық жобасының авторы, әрі демеушісі, белгілі меценат, жиһанкез, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, «Алтын адам» номинациясының екі мәрте иегері, Аманкелді  ауданының Құрметті азаматы Сапар Ысқақов, Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицер Қуандық Құдайбергенов, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, Аманкелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

blank«Ұлттың Жады қабырғасы» жобасын әлемдік деңгейге шығару жолында нақты қадам жасалып жатыр. Бұл – халқымыздың рухани мұрасын, тарихи жадын дәріптейтін үлкен бастама. Аталған нысанды Әлемдік рекордтар кітабына тіркеу және халықаралық тізілімге енгізу жұмыстары – тек еліміздің ғана емес, күллі адамзат баласының тарихына қосылар елеулі үлес болмақ.blank

Маңызды үрдістің сәтті жүзеге асуы үшін арнайы тәуелсіз сарапшылар шақырылды. Олар — өз саласының кәсіби мамандары, халықаралық стандарттар мен рекордтар рәсімдеу тәртібін жетік меңгерген беделді тұлғалар. Атап айтқанда, жобаның сарапшылары еліміздегі және шетелдегі танымал мамандар: 2010-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасындағы Сирия Араб Республикасының бұрынғы Құрметті Консулы Дерех Самир Али, г.ғ.д, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм кафедрасының профессоры Орденбек Мазбаев, т.ғ.к, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің жауапты қызметкері Жомарт Жеңіс, т.ғ.д, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Аманжол Күзембаев игілікті іске куәлік етті.blank

Тарихи сәт елі үшін ерен іс тындырған Сапар ағамыздың туған күнімен тұспа тұс өтіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов туған жеріне туын тігіп, перзенттік парызын өтеп жатқан ел ұланына жылы лебізін білдіріп, иығына құрметпен шапан жапты.blank

  «Бүгін Қостанай облысы, Тобыл-Торғай өңірінде тарихи сәт. Тағылымы терең Ұлттық Жады қабырғасы халықаралық тізіліміне ресми түрде тіркелуде. Бұл жай ғана мәдени нысан емес, халқымыздың өткені мен болашағын жалғайтын рухани көпір. Торғай даласы қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын қасиетті мекен. Бұл нысанның әлемдік рекордтар кітабына енуі – әлем жұртшылығына Қазақстан халқының өткеніне деген құрметін, рухани биіктігін, ұрпағына қалдыратын өшпес өнегесін паш етеді»,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы өзінің құттықтау сөзінде.

blank «Global Book of Records — Глобал Бук оф Рекордс» (GBR) – ХХІ ғасырдың басында құрылған Азия, Африка контененттерін қамтиды, рекордтар мен ерекше жетістіктерді тіркеуге бағытталған халықаралық жоба. «Global Book of Records — Глобал Бук оф Рекордсдің» GBR негізгі мақсаты – әлемдегі бірегей оқиғалар мен жеке бастамаларды құжаттап, оларды жаһандық деңгейде таныту.Бұл ұйым түрлі салада – ғылым, мәдениет, спорт, өнер, қоғамдық іс-шаралар және тағы басқа бағыттарда үздік нәтижелерге жеткен жеке тұлғалар мен ұйымдарды мойындап, арнайы сертификат береді. blank

Тарихи сәтте алыс – жақыннан келген тәуелсіз сарапшылар Ұлттық Жады нысанын елдің көзінше тағы бір мәрте қарап шығып, ескерткіш тақтаның астына қойылған топырақты анықтап көрді. Көптеген құжаттарға қол қойып, көрген — білгендеріне куәлік берді. Жарты сағаттық онлайн және офлайн кеңестен кейін нысан еліміз бойынша рекордтар кітабына реттік саны 10 – шы болып кіргендігі ресми түрде хабарланды. «Ұлттың Жады қабырғасы» нысанының «Global Book of Rekords — Глобал Бук оф Рекордс» халықаралық реестріне енгізілуі – бұл Қазақстан үшін зор тарихи әрі рухани жетістік, Қазақстан, Қостанай облысы, Тобыл-Торғай өңірін таныту. Ұлттың Жады қабырғасы — ұлтқа ортақ ескерткіш. Бұл Ұлттық Жады қабырғасының бойында мыңдаған тағдыр бар. Ол — ұлттың еңсесі, елдің намысы.blank blankНысанның ұзындығы — 35, биіктігі — 3 метр 80 см. Мұнда ел үшін еңбек еткен, тарихи танымал тұлғаларымызбен өзге елдермен билік құрып, сол жерде жерленген бабаларымыздың есімдері жазылған. Бұл жалғыз ауданның ғана емес, облыстың, жалпы Қазақстанның туризм саласын дамытуға бірден бір септігін тигізетін, үлкен тарихи ескерткіш.blank

  «Ауданымызда осындай ауқымды іс-шараның болып жатқанына өте қуаныштымыз. Соның куәсі болып отырмыз. Былайша алатын болсақ, аптасына бір айтулы іс – шара өтеді деп айтуға болады. Сапар ағамыздың ізгілікті ісі көпке үлгі. Әрбір ескерткіштің, мүсіннің тарихын айтып беруден жалықпайды. Жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор. Ағамыздың әрбір келгені бізге үлкен той болып есептеледі. Бұл кісіге қандай атақ берсе де артық етпейді. Алла ағамызға күш-қуат берсін дейміз. Бұл – нысан елімізде туризмді дамытуға айрықша ықпал етеді»,-дейді Аманкелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбаев ақсақал.

blankСалтанатты шақта бейбітшілік пен бірліктің, достық пен ынтымақтастықтың нышаны іспетті 42 мемлекеттің туы желбіреп, өңірдің өнер жұлдыздары ән — күйден шашу шашты.   blank

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор