Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары экология саласындағы ауқымды халықаралық келісім тараптарының отырысын бастады. Конференция жұмысы 9 мамырға дейін жалғаспақ.
Қазақстан да өзінің ұлттық мүдделерін, оның ішінде хризотил саласындағы мүдделерін қорғай отырып, талқылау жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Биылғы форум химиялық заттар мен қалдықтарды ұтымды реттеуге бағытталып отыр.
Демек, қауіпті қалдықтардың жиналуы, ауаның, судың, топырақтың ластануы жиындағы әңгімеге арқау болмақ. Бұл жерде пластикалық ластануға, сынап қалдықтарына және электронды қалдықтардың өсуіне ерекше назар аударылады. Қазақстан үшін хризотил асбестінің мәртебесін қорғау басты мәселе болып қала бермек. Күн тәртібінде тұрған мәселе –хризотил Роттердам Конвенциясының III қосымшасына, аса қауіпті заттардың тізіміне енгізілуі мүмкін.
«Қазақстандық делегация сараланған тәсілді дәйекті түрде қолдайды. Амфиболды асбесттерден айырмашылығы, хризотил бақыланатын пайдалану кезінде қауіпсіз. Бұл ұстаным халықаралық практикаға және халықаралық еңбек ұйымының № 162 Конвенциясының нормаларына негізделген. Қазақстандық хризотил әлемдік нарықта сұранысқа ие болып қала береді. Одан инфрақұрылымдық жобаларға қажетті асбест-цемент құбырлары, шифер, қасбеттік панельдер шығарылады. Саланы қорғау-бұл жұмыс орындарын қорғау, өнеркәсіпті дамыту және аймақтардың экономикалық тұрақтылығы», – дейді мамандар.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан маңызды бастаманы ұсынды. Қатарынан үш рет консенсусқа қол жеткізілмеген мәселелерді шешу мүмкіндігін қарастыру үшін Роттердам конвенциясының ережелеріне өзгерістер енгізу.
Бұл түзету процессуалдық тығырықты жойып, елдерге нақты басымдықтарға назар аударуға мүмкіндік береді. Бүгін хризотил төңірегінде пікірталастар жалғасуда. Алайда, Қазақстан ғылыми деректерге, практикалық тәжірибеге және ақылға қонымды реттеу қағидаттарына сүйене отырып, өз ұстанымында берік тұр. Редакция Женевадағы конференцияның барысын қадағалап, оның қорытындылары туралы жедел хабарлауды жалғастырады.