Қазақстан чемпионатының шешуші сәті Қостанайда өтеді

Қазақстан чемпионатының шешуші сәті Қостанайда өтеді

Бұл — маусымның ақтық сынына дейінгі соңғы мүмкіндік. Бір маусым бойы ұпай жинаған шабандоздар мен жүйріктер Қостанай төрінде тағы бір мәрте бақ сынайды.

Ал одан кейін — ФИНАЛ! Демек, чемпиондыққа таласып жүргендер үшін бұл кезеңнің әр секунды, әр шешімі, әр метрінің маңызы зор.

Неге дәл Қостанай?

Бұл — қазақ жылқысының тарихында өзіндік орны бар өлке. Қостанай облысында әйгілі қостанай жылқы тұқымы қалыптасты. 1951 жылы жеке тұқым ретінде тіркелген қостанай жылқысы бүгінде ұлттық ат спорты мен жылқы шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді.

Ал өңірдегі жылқы санының өзі бұл дәстүрдің ауқымын аңғартады — бүгінде Қостанай облысында шамамен 191,7 мың жылқы бар.

Сондықтан бұл жолы Қостанай ипподромындағы ат дүбірінің жөні бөлек.

Жарыста жүйріктің жылдамдығы ғана емес, оның төзімі, дайындығы, ал шабандоздың тактикасы мен сабыры сыналады. Әсіресе ең ұзақ — 24 шақырымдық Аламан бәйгеде кімнің аты соңына дейін тың, кімнің тактикасы мықты екені анықталады.

11 шақырымдық Құнан бәйгеде екі жарыс өтеді, оның бірінің жүлде қоры 5 миллион 200 мың теңге болса, екіншісінде 3 миллион 400 мың теңге сарапқа салынады. Ал 17 шақырымдық Топ бәйгенің жүлде қоры 7 миллион 100 мың теңгені құрайды.

Жарыстың басты әрі ұзақ бәсекелерінің бірі — 24 шақырымдық Аламан бәйге. Бұл додада 9 миллион 100 мың теңге жүлде қоры ойнатылады. Ал Қазақстан Республикасының қатысушылары арасындағы 24 шақырымдық Аламан бәйгенің жүлде қоры 10 миллион 100 мың теңгеге жетеді. Осылайша жетінші кезеңдегі жалпы жүлде қоры 34 миллион 900 мың теңгені құрайды.

Қостанайдағы дода аяқталған соң чемпионаттың финалдық жарысы өтеді. Маусымның түпкілікті қорытындысы дәл сол кезеңде шығарылып, үздіктер анықталады.

2026 жылғы Қазақстан чемпионаты бірыңғай ережелерге сәйкес ұйымдастырылады. Жарыстарда тәуелсіз төрешілік жүргізіліп, аттарға міндетті ветеринариялық бақылау жасалады. «Бәйге» федерациясы ұлттық ат спортын дамытуға, отандық жылқы шаруашылығын қолдауға және кәсіби жарыс ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.

Ендеше, Қостанай ипподромында ат дүбіріне куә болыңыз. Бір кезең — бір мүмкіндік. Ал финалға кімнің мығым болып жететіні Қостанайдағы додада айқындала түспек.

Жарыс 12 қыркүйек күні сағат 12:00-де Қостанай ипподромында басталады. Кіру тегін. БАҚ өкілдері үшін аккредитациядан өту міндетті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қостанай облысының әкімдігі серіктестік көрсетеді.