Қазақ киносы күніне орай Қостанайда «JARQYRA» республикалық кастингі өтеді

Қазақ киносы күніне орай Қостанайда «JARQYRA» республикалық кастингі өтеді

Бүгін еліміздің 19 қаласында бір уақытта республикалық көлемдегі «JARQYRA» кастингі басталады. Ауқымды жоба Қазақ киносы күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Солардың бірі – Қостанай қаласы. Кастинг Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылмақ. Үміткерлерді қабылдау сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін  Ы. Алтынсарин көшесі, 111-үй мекенжайында жүргізіледі.

«JARQYRA» жобасының басты мақсаты – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңа таланттарды анықтап, оларды отандық кино индустриясына тарту. Кастингке кез келген жастағы және кәсіби біліміне қарамастан, актерлік өнерге қызығушылығы бар азаматтар қатыса алады.

Кастинг нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының актерлік базасына енгізіледі. Бұл база – қазақстандық режиссерлер мен продюсерлер үшін кәсіби кадрлар қорына айналады. Базада тіркелген үміткерлерге алдағы киножобаларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

«JARQYRA» кастингі – кино әлеміне бастар алғашқы қадам. Қатысушылар тек өз өнерін көрсетіп қоймайды, кино саласындағы кәсіби мамандармен танысуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Осындай бастамалар арқылы отандық киноөндіріс жаңа есімдермен толықпақ.

Кастингке қатысу үшін арнайы тіркеу талап етілмейді. Бар болғаны жеке куәлік пен өзіңмен бірге жақсы көңіл-күй алып келу жеткілікті.