Өңір жылыту маусымына дайын ба? Қай аудан-қалада олқылық байқалады? Алдағы қысқа қаншалықты қам жүргізілді? Өткен жылдағы келеңсіздіктердің қайталанбасына толық кепілдік бар ма? Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында осы сауалдарға жауап ізделді.
Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының мәлімдеуінше, барлық жоспарлы жұмыс мерзімінен кешікпей іске асып жатыр. Қазандықтарға күрделі және жеңіл-желпі жөндеу жүргізуге 5,4 млрд теңге бағытталған. Бүгінде 112 жылу көзінің 91-і дайын. Тек қазандықтары қамдалмаған Рудный, Аманкелді, Қамысты, Ұзынкөл әзірге қатардан қалып тұр. Инжинерлік желілер жөнделу үстінде. Жылу, электр, су құбыры және кәріз жүйелеріндегі жоспарлы жұмыстың көбі бітіп, азы қалған. Тозығы жеткен желілер биыл жеті пайыз кеміді. Мектеп, аурухана, балабақша және басқа әлеуметтік нысандар ерекше бақылауда. Мұндай 1469 нысанның 1149-ы жылыту маусымына сақадай сай.
«Аманкелді, Қамысты, Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл, Б.Майлин аудандарында автономды жылыту жүйесі әлі әзірленбеген, сондай-ақ Арқалық қаласында жұмыс бәсең жүріп жатыр. Майлин , Қамысты аудандарында көп қабатты тұрғын үйлер жылыту маусымына дайын емес. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктері коммуналдық кәсіпорындардың басшыларымен және МИБ, ПИТК өкілдерімен бірлесіп, КТИ нысандарының даярлығы жөніндегі жұмыстарды белсенділендіруі керек. Әйтпесе жылумен жабдықтау қызметтеріне уақтылы қосылмауы халықтың арыз-шағымын туындатуы мүмкін», – дейді басқарма басшысы Арман Жүнісов.
Облыс әкімі сынға іліккен өңірлерден жекелей жауап алды. Мәселен, Рудный қаласының кешеуілдеу себебі сұралды. Қала әкімі Викор Ионенко үш қазандық пен екі жылу-энергетика орталығы жаңа маусымға тас-түйін даяр екенін, тек даярлық құжатын алу ғана қалып отырғанын айтты. Ол 10 қыркүйекке дейін рәсімделіп, қолға тимек. Шаһар басшысы ешқандай түйткіл туындамайтынына уәде берді.
Аманкелді ауданындағы ахуал да осыған ұқсас. Екі қазандық іске қосылуға дайын. Тек құжат алу ғана қалып отыр.
«Бізде бір ғана мәселе болып тұр. Аудан орталығындағы «Қаламқас» балабақшасының екі қазандығының біреуі жарамсыз. Білім бөлімінің басшылығы облыстық Білім басқармасынан тиісті қаражат сұрап, өтінім жіберген. Егер облыстан уақытылы жәрдем болмаса, өзіміздің қорымызда бар пешті орнатамыз. Тартылатын қаражат арқылы бұл мәселені шешеміз. Ал қалған нысандардың құжаттарын өткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықовтың айтуынша, бұл мәселе жіті қадағалауда. 3-4 күнде мемлекеттік сатыпалы жұмыстары бітеді. Мердігер анықталып, қазандық жаңартылмақ. Ал облыс әкімі былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
«Өткен жылы қандай келеңсіздікке душар болғанымызды әрқайсыңыз білесіздер. Сондықтан бұл – Аманкелді ауданына ғана емес, барлық аудан-қалаға қатысы бар міндеттеме. Бүкіл елді мекендегі жылу көздерінің техникалық дайындығы бірнеше мәрте тексерілуі керек», – деді өңір басшысы.
Паспорттық дайындығы жоқ аудандар қатарындағы Б.Майлин ауданы да ескерту алды. Құмар Іргебайұлы аудан басшысына тиісті құжат болмайынша «қызыл аймақта» қалатынын қадап айтты.
«Паспорттық даярлық дегеніміз не? Ол – нысандардың жылыту маусымына әзірлігін тексеру. Арнауы комиссия, мамандар бәрін түгелдей тексереді. Ал даярлық құжаты қолдарыңызға тимей, сіздерді әлі әзір емес дей аламыз. Нақтылы жөндеу жұмыстарын да мерзімнен кешіктірмеңіздер», – деді облыс әкімі.
Аудан әкімі Қайра Мыржақыпов жылу жолдарын қалыпқа келтіру жоспары орта кезеңнен асқанын, ал даярлық құжатын 20 қыркүйекке дейін алу көзделіп отырғанын айтты. Ал, өңір басшысы мәлім еткендей, Арқалықта 17 автономды жылу жүйесі әлі дайын емес.
«Бұл 17 жүйе қаладағы мектептерге тиесілі. Осы олқылықтардың орнын толтырып жатырмыз. Дайын дей берсек те болады. Бүкіл нысанға көмір жеткізілді. Алдағы бес күннің ішінде әзірлік құжатын алып шығамыз», – деп қысқа қайырды қала әкімі Әмірхан Асанов.
Көмір демекші, бүгінде аудан-қала әкімдіктері 431,4 мың тонна шамасында қатты отын дайындауға тиіс. Әзіргі қамтылым – 209 мың тонна шамасында. Бюджеттік ұйымдарға – 7 мың, денсаулық сақтау нысандарына – 3,8 мың, білім беру мекемелеріне – 57,8 мың, жылумен қамту компанияларына 8,2 мың тонна көмір түсірілген. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.
Бұдан соң «ҚЖЭК» МКМ директоры Қанат Аужанов облыс орталығындағы жылу көздерінің жаңа маусымға даярлығы, биыл атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Ал ҚР Энергетика министрлігіның Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қостанай облысындағы аумақтық департаменті жетекшісі Тимур Алдабергенов «Жылу эергетикасы туралы» заң аясында жүргізілген тексеру шаралары туралы есеп берді…
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тозығы жеткен жылу желілерін 2029 жылға дейін 42% пайыз төмендету тапсырмасын орындау мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, биыл бұл бағытқа 9,2 млрд теңге бөлінген.
«Осы жылы 29,4 км жылу беру желісі, 536,2 электр желісі, 90 км су және кәріс желісі қамтылды. Жылыту маусымын ақаусыз өткізу – стратегиялық мақсат. Біз оны бір уақытта қосымша жылу көзі арқылы шешуіміз керек. Барлық қалада осындай резервтер болуы керек. Бірер күн бұрын Президент тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің жұмыс тобы облысымыздың жылыту маусымына даярлығын тексерді. Қорытындысында жұмыстар жоспарға сай жүріп жатқаны анықталды. Бірақ ТКШ, әлеуметтік сала нысандарын даярлауға қатысты бірқатар ескерту бар. Ендігі кезек күттірмес міндет – барлық олқылықты жою. Былтырғы жылыту маусымы басында тұрғындардан уақытылы жылу берілмеуі туралы шағымдар түскен еді. Сондықтан МИБ, ПИТК жұмыстарын қазірден қадағалауға алу керек», – деді өңір басшысы.
Ол кәсіпорын басшыларына уақытылы өтінім беріп, әзірлік құжатын алуы қажет екенін ескертті. Сондай-ақ көмірдің елді мекендерге жеткізілуін, барлық нысанның толық қамтылуын, әлеуметтік қатты отынға қол сұғушылықтың болмауын қатаң қадағалауды тапсырды. Аудан-қала әкімдіктеріне барлық жоспарлы жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтауды, 15 қыркүйекке дейін бүкіл нысанның жаңа маусымға даярлығын қамтамасыз етуді, халықтың коммуналдық қызметтер алдындағы қарыздарын төмендету жұмысын жалғастыруды міндеттеді.
Жандос Жүсіпбек
Суреттер – облыс әкімінің баспасөз қызметінен
иллюстрация: gov.kz
