Қарасуда жедел штабтың жұмысы қыза түсті

Қарасуда жедел штабтың жұмысы қыза түсті

Көктемгі жылыну мен қардың еруіне байланысты су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейді.

Қарасу ауданы көктемгі тасқын судың қауіп-қатері бойынша «қызыл» аймаққа енгізілген. Мамандар мұндай шешімді өңірдегі қардың қалың түсуі әрі жердің тоңының терең қатуы себепті қабылдаған болатын.

Жалпы аудан аумағында 39 елді мекен бар. Биыл соның 16-сын су басуы ықтимал деп анықталған. Қазіргі кезде табиғи құбылыстың салдарынан туындауы мүмкін қауіптің алдын алуға барынша қам жасалып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган ахуалды бақылауда ұстап, дайындықты күн сайын пысықтауда.

Бүгінде Ақтөбе қаласының №20982 әскери бөлімінен 50 сарбаз бен Қостанай облысынан 14 адамнан тұратын арнайы жасақ Қарасуға барып, орналасты. Жан-жақты дайындықтан өткен арнайы күш су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге, су тасқынының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылуда.

Су тасқынының алдын алу үшін 18-20 наурыз аралығында Қарасу аумағындағы өзен-көлдерде мұз жару жұмыстар сәтті ұйымдастырылды. Мұз қабатын бөлшектеу алдымен Қарасу ауылындағы Қарасу өзенінде жүргізілді. Мұнда жалпы 5 520 шаршы метр аумақтағы 3 864 м³ мұз ұсақталды.  70 сантиметр қалыңдықтағы мұз қабатын жарып, үгітуге 480 кг жарылғыш зат қажет болған. Облыстық ТЖД мен аудандық ТЖБ мамандары Қарасу, Құндызды, Тімтуір өзен-көлдері мен Восток, Белозёрка, Железнодорожный, Зелёнов, Қарамырза, Қарасу және Новосёлов  ауылдарына жақын маңдағы аумақтарда алдын алу шараларын тиянақтылады.

Сондай-ақ Құндызды өзенінің жағасын көтеріп, нығайтуға, түбін тереңдетуге ерекше ден қойылды. Новоселов ауылындағы Құндызды өзенінің жағалауына бөгет жасап, су деңгейін ұстап тұру үшін әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері 2650 қапқа құм толтырып, алдын ала дайындап қойды.

Қауіпті барынша азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық іс-шаралар кестеге сәйкес жүргізілуде. Аудан басшылығы күн сайын мониторинг жүргізіп, мұздың қозғалысын, қар суының көлемі мен екпінін, өзен-көлдің деңгейін қадағалап отыр. Жедел штаб қызметкерлері кезекшілік құрып  күн сайынғы өзгерісті назарға алған.  Көктемгі қауіп сейілмейінше жедел штаб жұмысын тоқтатпайды.

Қымбат ДОСЖАНОВА