Қарабатырда еңбек өтілі 130 жылға жақындаған механизаторлар әулеті тұрады

Қарабатырда еңбек өтілі 130 жылға жақындаған механизаторлар әулеті тұрады

Қарабатырлық Дударевтер ауыл шаруашылық саласында 130 жыл еңбек етіп келеді. Атап айтқанда, әулеттің үлкені Николай Сергеевич – 47, оның ұлы Сергей Николаевич – 46 жұмыс істесе, немерелеріі Денис – 22 және Дмитрий 15 жылдан бері техника тізгінінде.
Сергей Дударев Қарабатыр ауылында мотор жөндеуші болып жұмыс істейді. Бір тамсанарлығы, оның әкесі Николай Сергеевич те кезінде комбайншы, бригада бастығы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда Сергейден бөлек, оның ұлдары Денис пен Дмитрийдің бірі механизатор, екіншісі – көлік жүргізушісі.

Әкелері Николай Дударев 1940 жылы Покров елді мекенінде дүниеге келген екен. 1957 жылы қазіргі Қарабатыр ауылының Қаракөл бөлімшесіне көшіп келеді. Еңбек жолын комбайншы болудан бастаған. Әскери борышын Белоруссияда зымырандық әскери бөлімде өтеді. Содан кейін Целиноградтағы республикалық киномеханик мектебінде оқып, мамандығы бойынша еңбек етті. Қалай болғанда, ауыл өзіне тартпай қоймады. Суармалы бригаданың бригадирі, машина паркінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Социалистік жарыстардың жеңімпазы», «10-шы бесжылдық үздігі» төсбелгілерімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері атанды. Елге сыйлы, жұртқа беделді, әріптестеріне абыройлы болды.

Сергей Николаевич Дударев Қарабатыр ауылының Қаракөл бөлімшесінде дүниеге келген. Кеңес заманында атағы дүркіреп тұрған Бестөбе кәсіби-техникалық училищесінде К-700 тракторының курсын тәмамдады. Әскери қызметін өтеп келгеннен кейін 1984 жылдың қаңтар айынан жұмысқа шыққан. Бар өтілін есептесек, табан аудармастан 46 жыл еңбек етіп келеді. Механизатор болды. Қазір Қарабатыр елді мекеніндегі №1 бригадада бригадир әрі реттеуші. Зейнетке шығуға да аз ғана уақыт қалған екен. Өмірлік серігі балабақшада жұмыс істейді.

– 1980 жылдардан бастап еңбекке араластым. Мектепті бітіре салысымен, трактор тізгіндедім. Биыл еңбек өтілім 46 жыл. Ұлым да осы жерде жұмыс істейді. Ол да оқуды қалай аяқтады, содан бері менің ізімді жалғастырып келеді. Кішкентайынан менің қасымда жүретін. Мектеп бітірісімен МТЗ, К-700 тізгіндеді. Маған көмектесетін. Менің жолымды жалғастыруда. Ұлым техниканы жақсы көреді. Екінші ұлым Лисаков қаласында карьерде жұмыс істейді. Ол – жүргізушісі. Әкем Николай да осында еңбек етті, – дейді ол.

Қазір Қарабатырдағы машина-трактор паркі көктемге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Күзгі орақтан кейінгі ақауы шыққан техникаларды жаңартып, олардың қозғалтқыштарын жөндеп жатыр. Бүгін-ертең қосалқы бөлшектердің келгенін күтіп отыр. олар ауылға жеткізілісімен, бірден ескілерін ауыстыру жұмыстарына кіріседі. Ауыл шаруашалық жұмыскерлері қар кетіп, жер кепкен соң көктемгі егістік жұмыстарына әзірлікті бастап кетпекші.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ-нің студенті

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу