Қостанай облысы бойынша Қарабалық ауданы алғаш болып интернет байланысының сапасын арттыруды қолға алды.
Осы мақсатта мыс технологиясынан жаңа оптикалық жүйеге көшті. Жаңа жобаны «Қазақтелеком» АҚ желіге қолжетімділікті пайдалану Қостанай департаментінің директоры Сәкен Ысқақов таныстырды.
Мұнда телекоммуникация желілерін жаңғыртуға арналған жоба шеңберінде сәуір айынан бастап жоғары жылдамдықты оптикалық желілердің құрылысы жүруде. Жаңа желі бұрынғы мыс ADSL-технологиясын алмастырады. Оптикалық желі абоненттердің де көңілінен шығуда.
Жаңашылдық алғаш болып аудан орталығы Қарабалық ауылының «Черёмушка» шағын ауданына жетті.
– Оптикалық желігі ауысқалы бері интернет сапасы жақсарып, үздіксіз, жоғары жылдамдықпен жұмыс істей бастады. Біздің абоненттер енді барлық цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана алады. Жылдың аяғына дейін оптикалық желі құрылысын 100 пайызға жеткіземіз. Құрылыспен қатар желіні іске қосу жұмыстары да қатар бір мезетте жүреді. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында барлық абоненттер, барлық тұтынушылар оптикалық желіні пайдаланады, – «Қазақтелеком» АҚ желіге қолжетімділікті пайдалану Қостанай департаментінің директоры Сәкен Ысқақов.
Бүгінде «Черёмушка» шағын ауданында 15 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. 1500 тұрғын бар. Жоба аясында 320 абоненттің 280-і жаңа желіге қосылып үлгерді.
Қалған қырыққа жуық абонентті оптикалық желіге қосу жұмыстары 10-15 күн ішінде аяқталмақ.
– Біздің ұсынып отырған қызметтеріміз өте сапалы әрі ыңғайлы, заманға сай. Бағасы отбасылық бюджетке де қолайлы. Жаңа оптикалық жүйенің арқасында біздің абоненттер цифрлық телевидение қызметі мен ұялы байланысты үздіксіз, кедергісіз пайдаланбақ, – деді «Қазақтелеком» АҚ-ның «В2С» коммерциялық директоры Алёна Ляпунова.
Бұрын интернет жылдамдығы секундына 10 Мбит/с болса, жаңа технологияның арқасында жылдамдық 500 Мбит/с дейін жетті.
Мақаланың толық нұсқасы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА