Қарабалық ауданындағы құт мереке

Қарабалық ауданындағы құт мереке

Жыл сайын төл мерекемізді кеңінен тойлау үрдіске айналуда. Наурызнаманың онкүндігі әрбір күні белгілі бір тағылымды шараларға толы.

Биыл Қарабалық ауданында Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі ерекше тойланды.

Ұлттық құндылықтарды әсіресе оқушыларға, балабақша тәрбиеленушілеріне сіңіру мақсатында білім ошақтарында тәлім-тәрбиелік, тарих пен дәстүрді ұлықтайтын іс-шаралар өткізілді.

21 наурызда ауданның орталық алаңында аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған бұқаралық ірі шара ұйымдастырылды.

Орталық алаң түрлі тарихи тақырыптағы киіз үйлер, ұлтық нақыштағы көрмелер, мерекелік дастархан, «Бауырсақ фестивалі», хайуанаттар бағы, ұлттық спорт ойындары алаңымен безендірілді.

Алаңдағы мереке «Әз Наурыз – игілік бастамасы» театрландырылған қойылымынан бастау алды.

Мерекелік қойылымда жақсылық жаршысы Қыдыр Ата, домбырашылар ансамблі, тарихи тұлғалар, ақын-жазушылар, Алаш арыстары құттықтау жолдап, халық назарына жеті қазына дәстүрлі дүниетанымының пәлсапасы ұсынылды.

Шара барысында қалың бұқараны аудан әкімі Руслан Халықов құттықтап, жүрекжарды ниетін білдірді. Өз сөзінде аудан басшысы берекелі бірлікке үндейтін мереке, ауданның көпұлтты біртұтас халқының сүйікті мерекелерінің біріне айналғанын тілге тиек етіп, сонымен қатар биылғы жылы ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылатыны айтты.

Кейін іс-шара мерекелік шашу, Наурыз көже үлестірумен жалғасты. Жиналған қауым тақырыптық киіз үйлерді аралап, ұлттық спорт ойындарына қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Шекаралас аумақта орналасқан аудан үшін ұлттық құндылықтардың дәріптелуі маңызды идеологиялық мағынаға ие екені анық.

Бұл жайында аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сания Сұлтанбекқызы:

«Биыл Наурыз мерекесі ауданымызда кеңінен тойлануда. Төл тарихымыздан сыр шертетін театрландырылған қойылым мерекенің басты тұздығы болды. Аудан тұрғындары жылдан-жылға Наурыз мерекесінің мән-мағынасын түсінуде», –  деген пікір білдірді.

Көрермен көзайымына айналған ұлттық спорт ойындарына халық белсене қатысты. Тіпті аударыспаққа спортына қызығушылық танытып, қатысып, бақ сынасып көрем деушілер де табылды.

Күндізгі бағдарлама кешкі мерекелік концертке жалғасып, аудан тұрғындары көңілді күймен тарқады.

Ал «Қайрақ авто» шекара бекетінде арнайы құрылған киіз үйде шекарадан өтушілер ыстық бауырсақ, тәтті шай және дәмді тағамдардан дәм татып, жылы тілектерін арнап жатты.

Қарабалық ауданы

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу