09.10.2025
Биыл Қостанай облысына қоныс аударатын қандастар үшін 150 квота бөлінді

Биыл Қостанай облысына қоныс аударатын қандастар үшін 150 квота бөлінді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 511 бұйрығымен Қостанай облысына 150 қандасты және еңбек күші артық өңірлерден 535 қоныс аударушыны қабылдау квотасы бекітілді.

Бұл қандастарды қабылдау квотасы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда 400 адамға аз.

– 2024 жылғы 13 желтоқсанда Қостанай облысы әкімдігі жанындағы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның №11 шешімімен Рудный қаласы қандастар мен қоныс аударушыларды орналастыру үшін елді мекендер тізіміне енгізілді. Азаматтарды қоныс аудару мәселелері бойынша 2025 жылғы 20 қаңтарда өткен кеңесте аталған квота облыстың аудандары мен қалалары арасында бөлінді. Осылайша, Рудный қаласы әкімінің хатына сәйкес, өңірлік қандастарды қабылдау квотасы 60 адамды, ал еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау квотасы 30 адамды құрады, – дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.

blankҚандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:

  • көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
  • 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
  • 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар; қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
  • жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу; тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ атажұртқа оралды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ-нің студенті